Оралда Татарстан делегациясының қатысуымен Сабантой мерекесі тойланды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралдағы ҚР Тұңғыш Президенті алаңында республикалық Сабантой мейрамы тойланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Татар халқының ұлттық мейрамы Оралда 2002 жылдан бері тойланып келеді. Сабантой татар тілінде «жер өңдеу тойы» деген ұғымды білдіреді. Көктемгі егіс науқанынан кейін Сабантойды тойлау арқылы халық егін бітік шығып, жиын-терім мол болса екен деген тілек білдірген.

Биыл қала күнімен тұспа-тұс келген Сабантой мейрамы республикалық деңгейде ұйымдастырылды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтың атап өткеніндей, Елбасының тікелей шешімімен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, жемісті қызмет етіп келеді. Мұндағы басты мақсат - ұлтаралық келісім мен татулық. Елімізде 130-дан астам, өңірде 87 ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, тізе қосып, еңбек етуде.

Батыс Қазақстанның Ресейдің бес бірдей облысымен шектесетіні белгілі. Сондықтан олармен өзара ынтымақтастық пен көршілік қарым-қатынас аса маңызды. Биылғы қала күніне де Қазақстан мен Ресейдің көршілес облыстарынан, Астана, Алматы қалаларынан меймандар арнайы келді.

Сабантой мейрамына қатысқан Татарстан президенті Рустам Миннихановтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей Федерациясы көп ұлтты ел болғандықтан, ұлтаралық қарым-қатынасқа ерекше мән беріліп, барынша жағдай жасалуда. Мысалы, Оралдағы Достық үйінде барлық этнос өкілдері өз салт-дәстүрін, мәдениеті мен тілін дамытуға мүмкіндік алып отыр. Сабантой татар халқының кең таралған, сүйікті мейрамы болып табылады. Ол Ресейдің 50-ден астам  өңірінде, әлемнің 30 елінде тойланады. Қазақстан Татарстан үшін ең жақын, туысқан ел болып саналады. Сондықтан Сабантой мейрамының осылайша тойлануының мән-маңызы ерекше.

Сабантой мейрамында белбеу күресінен өткен жарыс аса тартысты өтті. Оған 13 палуан қатысып, қостанайлық Талғат Жиентаев бас жүлде - автокөлікті ұтып алды. Батысқазақстандық Олжас Сүлейменов екінші, ақтөбелік Нұржан Иса мен тағы бір батысқазақстандық Павел Зюлупов үшінші орынға көтерілді. Тағы бір автокөлік татар этномәдени бірлестігіне табыс етілді.

Сондай-ақ осы күні облыс әкімдігінде Татарстан делегациясы мен өңірдің бизнес қауымдастығы өкілдері арасында кездесу болып, өзара ынтымақтастықты дамыту бағытында әңгіме өрбіді.

БҚО әкімі Алтай Көлгіновтің сөзіне қарағанда, соңғы үш жылдың өзінде Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы арасында сауда айналымы 1,5 млрд АҚШ долларынан асса, соның 200 млн доллары Татарстанның үлесіне тиеді.

«Муниципалдық деңгейде ынтымақтастықты дамыту маңызды. Мәдениет, білім, туризм, ұлттық салт-дәстүр және зерттеу жұмыстарын жүргізу бағытында бірлескен жобаларды қолға алуға болады. Таяуда Татарстанға Оралдан туризм мәселелері бойынша делегация келмек. Қай салада болсын, бірлесе жұмыс жасауға дайынбыз», деді Рустам Минниханов.

Іскерлік кездесу барысында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық, туристік, сондай-ақ кеме жасау саласы бойынша бірқатар келісімдерге қол қойылды.

Татарстан делегациясы Қызыл мешітте болып, Ғабдолла Тоқай мен Абайдың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының Достық үйінде татар диаспорасы мен өңірдегі этномәдени бірлестіктер өкілдері арасында жаймашуақ кездесу болды.

Айта кетейік, облыста 8500-дей татар ұлты өкілдері тұрады.

Соңғы жаңалықтар