Оралда тәртіп сақшылары бес жасар баланы құтқарып қалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда тәртіп сақшылары бес жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Достық даңғылы бойындағы №244 үйде орын алды.

Сол үйдің ауласында екі адамның төбелесіп жатқаны жөнінде хабар түскеннен кейін полиция капитаны Мұхит Әбілхайыров пен полиция лейтенанты Жандос Құбаев оқиға орнына шұғыл жетеді.

Аулада ешкім болмағанмен, айқай естіліп жатқан пәтерге жүгіріп барған тәртіп сақшылары ер адамның бес жасар баланың тамағына пышақ тақап, оның анасын шақыруды талап етіп тұрғанын көреді. Полицейлер ер адамды сөзбен алаңдатып, келісімге келуге тырысады. Ақыры олар баланы босатып, ер адамды тұтқындайды.

Жиырма бес жасар күдікті баланың анасымен бірге, азаматтық некеде тұратын адам болып шықты. Қазіргі кезде ҚР ҚК 115-бабына (қорқыту) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.

Баланың анасы мен атасы полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Мақсұтхан Аблазимовтың атына тәртіп сақшыларының осынау іс-әрекетіне қатысты алғысын білдірді. Аталған полицейлер ақшалай сыйлықпен ынталандырылды.

Айта кетейік, Мұхит Әбілхайыров бұған дейін де адамдарды құтқарып қалған. 2015 жылы 1 мамырда түнде  құрамында М.Әбілхайыров бар топ «Нан зауыты» ауданында пәтерде түтіннен тұншыққан ер адамды аман алып қалды. Онда полицейлер ер адамды екінші қабаттың балконынан одеяломен түсіріп, жедел жәрдемге тапсырды. Сондай-ақ 2016 жылы 4 наурызда Мұхит серігімен бірге үшінші қабаттың балконынан секіргісі келген қызды құтқарды. 

Соңғы жаңалықтар