Оралда тәртіп сақшылары асылып қалған ер адамды құтқарды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда тәртіп сақшылары асылып қалған ер адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 5 желтоқсан күні сағат 02.00-де болды.

«Кішкентай қыз Орал қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне отбасында жанжал болып жатқанын хабарлап, көмек сұраған. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Мирас Исатаев, патрульдік полиция батальонының қызметкері, полиция лейтенанты Жанарыс Меделхан, жедел қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы, полиция капитаны Ғаділбек Нұрмұханов шұғыл жеткен. Ауланың сыртқы есігі жабық тұрғандықтан, тәртіп сақшылары қақпадан секіріп кіреді. Үйдің іші-сыртын тексергенмен, ер азаматты таппайды. Тек ескі сарайды қарағанда, асулы тұрған ер адамды байқап, жіптен шешіп алып, алғашқы көмек көрсетеді. Сәлден соң есін жиған соң оның денсаулығын толық тексерту үшін дәрігерлерді шақырады.

Мамандардың пайымдауынша, енді 3 минутқа кешіккенде, ер адамды аман алып қалу екіталай еді. Оның отбасылық жанжал салдарынан өзіне-өзі қол жұмсамақ болғаны анықталды», деп хабарлады ведомстводан.

Бұл - соңғы күндері Орал қаласында болған екінші оқиға. Бұдан бұрын тәртіп сақшылары мас күйінде асылып қалған ер адамды құтқарған болатын.


Соңғы жаңалықтар