Оралда таныс әйелді өлтірген тұрғын 11 жылға сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кісі қанын жүктеген 27 жастағы Алтынбек Бимұратовқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Судья Бақыт Ермахановтың мәлім еткеніндей, Қызылорда облысының тумасы, 1992 жылғы А.Бимұратов «Каризма» ЖШС-ында қойма меңгерушісі болып жұмыс жасаған.

Биылғы жылдың ақпанында осында аспаз болып еңбек етіп жүрген 46 жастағы Жанар Нұрғазиевамен танысады.

Бір-бірімен жақын қарым-қатынаста болған екеуі 15 сәуір күні жалдамалы пәтерде кездеседі.

Ж.Нұрғазиева А.Бимұратовтан алған қарызын қайтаруды талап етіп, кетіп бара жатып, қолындағы сөмкесімен оның бетінен бір салып қалады. Сол мезгілде А.Бимұратов артынан жетіп барып, мойнынан қысып, тұншықтырып өлтіреді. Сосын марқұмның 502 мың теңгесін, ұялы телефонын ұрлап алады.

Содан кейін «Каризма» ЖШС-ында жүк түсіру-тиеу кезінде келіп жүрген 1998 жылғы Әділбек Жәрдемов пен 1994 жылғы Нұрсұлтан Кеңесовті шақырып алады. Олардың қолына ақша беріп, орталық базардан екі үлкен сөмке мен 5-6 метр ақ мата әкелуді тапсырады.

Келесі күні мәйітті екі бүктеп, ақ матамен орап, әуелі бір сөмкеге, сосын екіншісіне салады. Содан таныс таксист жігіттерді шақырып, оларға «киіктің еті» деп, қаланың сыртына 30 мың теңгеге апаруға келістіреді. Төртінші қабаттан екеуі мәйітті түсіріп, жүксалғышқа салады.

Содан кейін қаланың шетіне барғаннан кейін түсіп қалып, мәйітті жолдан алып шығып, бетін тал-бұталармен жауып тастайды.

«Жәрдемов пен Кеңесовтің біз қорыққаннан істедік деген уәжі сотта дәлелін таппады. Өйткені олардың қашып кетуге, оқиға туралы полицияға хабарлауға мүмкіндіктері болды. Оның үстіне Бимұратов басқа жердікі болғандықтан, қаланы білмейтіні шындыққа саяды. Яғни олар мәйітті лақтырып тастайтын жерді де көрсеткен», деді Б.Ермаханов.

Сот үкімімен А.Бимұратов ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі (адам өлтіру) және 188-бабы 1-бөлігіне сәйкес (ұрлық) айыпты деп танылып, түпкілікті 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Одан сондай-ақ жәбірленушінің пайдасына моральдық және материалдық өтемақы ретінде 4 млн астам теңге өндірілді.

Қылмысты жасырғаны үшін Н.Кеңесов пен Ә.Жәрдемов ҚР ҚК 432-бабына сәйкес екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Осыған дейін үйқамақта болған бұл екеуі сот залында қамауға алынды.

Сот үкім шығарған кезде Бимұратовтың екі, Кеңесовтің бір баласы бар екендігін, Жәрдемовтің жастығын ескерді.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда із-түзсіз жоғалып кеткен әйелдің денесі табылғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар