Оралда суға батып бара жатқан адам құтқарылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда құтқарушылар ер адамды ажалдан аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Аягөз Қожанбаеваның айтуынша, оқиға кеше қалалық мәдениет және демалыс саябағында болған.

Осындағы жағажайда кезекшілік еткен бас құтқарушы Денис Бобариконың сөзіне қарағанда, суға батып бара жатқан адамды бұлар байқап қалған. Ол су бетінде әрең тұрған әрі су жұтып үлгерген, денесі де салқындаған. Оны қайықтың үстіне шығарып, жағаға жеткізген құтқарушылар жедел жәрдем бригадасына табыс етті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың мәлім еткеніндей, қалалық саябаққа жедел жәрдем сағат 13.47-де шақырылды. Жедел жәрдем көлігі бес минуттан кейін жеткен. Суға кетуден аман қалған 1989 жылғы азамат ауруханаға жатудан бас тартты.

Еске сала кетейік, соңғы күндері өңірде суға кету оқиғалары жиілеп тұр. Бұдан бұрын Оралда 35 жасар әйелдің, сосын Жаңақала ауданында тағы бір адамның суға кеткенін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар