Оралда соңғы төрт күнде 600-ге жуық адамнан коронавирус анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда соңғы төрт күнде 600-ге жуық адамнан коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім еткеніндей, 18-21 сәуір аралығында облыста 858 науқас тіркелсе, соның 576-сында ауру белгілері бар, 282-сінде симптомсыз өтуде.

Соның ішінде 597-сі Орал қаласы, 116-сы Бөрлі, 50-і Бәйтерек, 26-сы Шыңғырлау, 24-і Теректі аудандарының үлесіне тиеді.

Төрт тәулік ішінде 473 адамнан ЖРВИ белгілерімен, 196-сынан бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болғандықтан, тексерілгенде, 173-інен профилактикалық мақсатта қаралғанда, 16-сынан стационарға жатқызар алдында сынама алынғанда, анықталған.

Облыс бойынша 18 сәуірде 205, 19-ында 237, 20-сында 231, 21-інде 185 адамнан коронавирус табылды.

Індет басталғаннан бері өңірде барлығы 17923 адам сырқаттанса, соның 14189-ы жазылып шықты. 268 адам көз жұмды.

Барлық ауырғандардың 10349-ы Оралда, 1940-ы Бөрлі, 1847-сі Бәйтерек, 729-ы Теректі, 618-і Ақжайық аудандарында тіркелген.

Еске сала кетейік, БҚО-да коронавирусқа шалдыққандар 11 инфекциялық стационарда ем қабылдап жатыр.




Соңғы жаңалықтар