Оралда соғыс ардагеріне ескерткіш орнатылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, БҚО-дағы азаматтық қорғаныс штабының алғашқы басшысы, полковник Шүкір Мұхтаровқа ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің аумағында орнатылған ескерткішті облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев пен майдангердің ұлы Евгений Мұхтаров ашты.

«Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай майдангерлер құрметіне арналған шаралар өңірде жалғасуда. Демеушілердің қолдауымен орнатылған бүгінгі ескерткіш – соның бірі. Шүкір Мұхтаров елге жеңіспен оралғаннан кейін де есте қаларлықтай еңбек етті. 1961 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің жарлығымен азаматтық қорғаныс жүйесі ұйымдастырылды. Облыста құрылған азаматтық қорғаныс штабын Шүкір Омарұлы 1962 жылдан 1975 жылы зейнетке шыққанға дейін абыроймен атқарды. Оның басшылығымен өңірде азаматтық қорғаныс саласы өрге басып, көптеген кадрлар тәрбиеленіп шықты», деді М.Манкеев.


Медицина қызметінің доғарыстағы майоры Евгений Мұхтаровтың айтуынша, әкесі 1922 жылы 27 қыркүйекте БҚО-ның Тайпақ ауданы Базартөбе ауылында дүниеге келген. 1941 жылы желтоқсанда әскерге алынған ол қызметін Орта Азия әскери округі мен Батыс майданының 100-атқыштар бригадасының 100-дербес байланыс батальонында бөлімше командирлігінен бастады.

1942 жылы Урал әскери округі Челябі танк техникалық училищесіне оқуға жіберіліп, кейін Карел майданында 338-гвардиялық ауыр артиллерия полкінде ИСУ-152 аға механик-жүргізушісі болды.

Белоруссиядан Кенигсбергке дейін жеткен лейтенант соғыс біткеннен кейін де Түркістан, Орта Азия әскери округтерінде әскер қатарында қызмет етуді жалғастырды.


Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және медальдармен марапатталған Шүкір Мұхтаров 1986 жылы өмірден өтті.

Шара барысында БҚО ТЖ департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев, Ш.Мұхтаровтың қарындасы Әлия Есенғалиева, БҚО азаматтық қорғау құрылымдары ардагерлері кеңесінің төрағасы Ермекқали Машанов сөз сөйлеп, майдангер өмірі туралы сыр шертті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова атындағы көше ашылғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар