Оралда «Смарт сити» тұжырымдамасына сәйкес жаңа технологиялар енгізілуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда «Смарт сити» тұжырымдамасына сәйкес жаңа технологиялар енгізілуде. Бұл туралы бүгін Елбасы Жолдауын талқылау мен жүзеге асыру мәселелеріне арналған қала активінің жиынында шаһар басшысы Мұрат Мұқаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, Орал қаласында ақылды технологиялар қазірдің өзінде оң жемісін беруде, соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және денсаулық сақтау саласында пилоттық жобалар қолға алынды.

Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылған «Қолжетімді әкімдік» жобасы тұрғындардан құжат қабылдау кезінде кезекті азайтып, сыбайлас жемқорлық көріністеріне барынша тосқауыл қоюға мүмкіндік берді. Мұндай жоба Оралдан басқа Алматыда ғана қолға алынған. Әкімдікке мемлекеттік қызмет түрін алу үшін күн сайын 300-дей адам келеді. Жоба қолға алынғаннан бергі жеті ай ішінде 30 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілді.

Қалада электронды ПИК жүйесі белсенді енгізілуде. Бұл тұрғындар мен ПИК байланысын жақсартып, қаржының жұмсалуын ашық бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Тұрғындармен кері байланыс аясында әлеуметтік желілер (Instagram и Telegram) мен арнайы сайтта (uralskcontrol.kz) «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді. Осы желілер арқылы тұрғындар қала әкімдігіне өздерінің өтініш-тілектерін жеткізіп, түрлі мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысады.

Білім беру саласында балабақшаларға кезекке тұру жүйесі толықтай автоматтандырылатын болады.  

Жолаушылар көлігі саласында «INFO-BUS» жобасы арқылы тұрғындарға қаладағы қоғамдық автокөлік қозғалысын тікелей бақылап отыруға мүмкінлік жасалды. Күні бүгін автопарктің 92 пайызы датчиктермен қамтамасыз етілген. Аталмыш қосымшаны 23247 пайдаланушы өздерінің телефонына енгізіп үлгерген, бұл қала тұрғындарының 8 пайыздан астамын құрайды. Өткен жылдың қараша айынан бері үш бағытта жүретін автобустарда SMS BUS жүйесінің көмегімен жолаушылар жолақыны смс-хабарлама арқылы төлей бастады. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасады.

«Смарт сити» тұжырымдамасы аясында қаланы қоғамдық WI-FI жүйесімен де қамту көзделуде. Бұл жоба адам көп жүретін орындардан бастап кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады», деді Мұрат Мұқаев.

Соңғы жаңалықтар