Оралда шетелдік драматургтың туындысы сахналанды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында поляк жазушысы Славомир Мрожектің туындысы бойынша «Мен» спектаклінің премьерасы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш туынды Қазақстанда қазақ тілінде алғаш рет сахналанды.

Спектакльді Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық театрлар фестивалінің лауреаты, өз еліміздегі басқа да байқауларда жүлде алған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері, актер Данияр Базарқұлов қойды.

Драматургтің аталмыш шығармасы «Шекарадағы үй» («Дом в границе») деп аталады. Оның атауы қойылымға дайындық барысында «Мен» болып өзгертілген. Пьесаны қазақ тіліне мәдениет саласының қайраткері, осы театрды көп жыл басқарған Құжырғали Төлеуішев аударды.


Сонымен қатар танымал суретші-сценограф, халықаралық сыйлықтардың лауреаты Тамара Охикян Грузиядан арнайы келіп, еңбектенді.

Басты рөлдерде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов, мәдениет саласының үздігі Теміржан Матаев, Эльмира Мақашева, Тоғжан Ғабдуловалар ойнады.

Абсурд жанрында құрылған спектакльге шекарадағы адамдардың тағдыры арқау болған. Яғни әр адамның өз «Мені» бар. Ол қандай өзгерістерге түседі, шекарадан асып кете ала ма, әлде құрдымға кете ме, міне, көрермен осы сауалдарға жауап іздейді.


«Бұл шекарадағы үйдің бөлінгені туралы емес, адам санасындағы шекара. Шекарамен шектейтін адамның өзі. Және де шекарадан шығуға болатын, шықпау керек мезеттер болады. Мұнда бір ғана отбасы емес, ұлттың тағдыры, әлемнің тағдыры бар деуге болады. Жаппай көшіп-қону, адамдардың қайда бара жатқаны белгісіз. Бұл қойылымда саясат та бар, дипломаттардың адам өмірінің шекарасын бұзып өтіп кіруі шектен тыс әрекет қой, ол шекараны бұзуға болмайды. Ең бастысы, санаға сілкініс керек. Мақсатымыз – көрермендердің санасында сілкініс жасау. Әркім өзінің немесе басқа біреудің тағдырын көріп, содан қорытынды шығарса, жақсылыққа қарай қадам жасап, ойын, өмірін өзгертсе деген ой», деді қойылым режиссері Данияр Базарқұлов.

Бұл – Х.Бөкеева атындағы театрдағы осы маусымдағы екінші премьера.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сириядан қайтарылған қазақстандықтар туралы «Жусан» спектаклінің премьерасы өткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар