Оралда сайлаушыларға концерт қойылды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласының №407 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген «Жұлдыз шоу» ансамблі жұртшылыққа өз өнерлерін көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ансамбль мүшелері учаскеге кіреберісте ән-биден шашу шашып, әдемі сахналық киімдерімен дауыс беруге келгендерді назар аудартты.

«Әр адам халыққа өзінің қолынан келетін іспен қызмет етуі тиіс. Біздің ұжым да бүгін дауыс беріп қана қоймай, учаскеге келген тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысты. Ән шырқап, би биледік. Сайлау – үлкен саяси мереке. Қазақтың қай мерекесі ән-бисіз өтпеген. Сол себепті көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды ұйғардық» – деді ұжым жетекшісі Ляззат Көпешова.

«Жұлдыз шоудың» бастамасын «ALASH» этно-фольклорлық ансамблі қолдады.

№483 сайлау учаскесіне келген облысқа танымал ансамбль ұлттық аспаптарда шоқтығы биік шығармаларды орындап, сайлаушыларға рух берді.

Ансамбль жетекшісі Тимур Меңдіғалиевтің айтуынша, «ALASH» ансамблі 2019 жылы құрылған. Оның құрамында шаңқобыз, үскірік, адырна, нар қобыз, мүйіз сырнай, жетіген, сыбызғы секілді көне аспаптарды меңгерген өнерпаздар бар.

«Біздің ансамбль 11 адамнан тұрады. Әрқайсымыз қаланың әр қиырында тұрамыз, әр учаскеден дауысымызды береміз. Соған қарамастан сахналық киімдерімізді киіп, аспаптарымызды асынып, бүгінгі саяси мерекенің мазмұнын арттырайық деп шештік. Себебі, әр адамның дауысы маңызды. Биылғы сайлау Президентіміздің саяси реформаларының нәтижесі. Конституцияға енгізілген өзгерістер елдің саяси дамуына тың серпін алып келері сөзсіз», - дейді ансамбль жетекшісі Тимур Меңдіғалиев

Бабаларымыздың рухын ұлттық аспаптарымыздың сырлы сазы арқылы ерекше кәсіби шеберлікпен орындап жүрген ұжымға сайлаушылар тәнті болды. Саяси науғанға ерекше сән берген өнерпаздарға сайлаушылар алғыстарын білдірді.


Соңғы жаңалықтар