Оралда сайлау санитарлық талаптарға сай өтуде – Беркінғали Ғабделов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда сайлау санитарлық талаптарға сәйкес өтуде. Бұл туралы «Ауған соғысы мүгедектері және ардагерлерінің БҚО қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Беркінғали Ғабделов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, сайлау учаскелерінде тұрғындар дауыс беріп, өз таңдауларын жасауда.

«Биыл Қадыр Мырза Әли шағынауданындағы оқушылар сарайында орналасқан өз учаскемізге дауыс бердік. Байқағаным,учаскеде санитарлық талаптар толық сақталған. Дауыс беріп жатқан халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Мерекедегідей, бір-біріне игі тілектерін айтып жатыр. Бәрінің мақсаты бір – еліміз тыныш болсын, мәртебесі биіктей берсін. Халқымыз өз мәдениеттерінің жоғары екендігін көрсетуде. Мәдениеті мықты елдің тәрбиесі, өнегесі, имандылығы мен рухы берік болады. Қазақстанда қоғамның барлық топтары үшін толық жағдай жасалған. Өзіміз интернационалист жауынгер, үшінші топтағы мүгедек болсақ та, қатардан қалған емеспіз, қоғам өміріне белсене араласып келеміз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Беркінғали Ғабделов.

Орал қаласындағы Х.Доспанова атындағы №30 мектепте орналасқан №435 сайлау учаскесінде де дауыс беру қалыпты өтуде.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Гүлшат Бисенғалиеваның айтуынша, биыл 2609 сайлаушы тіркелген.

«Байқаушыларды тіркеп, жұмысымызды уақтылы, талапқа сай бастап кеттік. Түске дейін 500-ге жуық сайлаушы дауыс берді. Денсаулық жағдайларына байланысты келе алмайтынын айтып, 8 адам өтініш жасады. Олардың үйлеріне барамыз», деді Гүлшат Ақылбекқызы.


Соңғы жаңалықтар