Оралда санитарлық көлік «Опельге» соғылды: 4 адам жарақат алды
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, оқиға 12 қараша күні кешкісін Құрманғазы мен А.Карев көшелерінің қиылысында болған. Санитарлық «УАЗ» минивэн мен «Опель» автокөліктері бір-біріне соғылып, «УАЗ» екпінімен тоқтамастан сол жердегі үйге барып тірелген.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «УАЗ» қалаға келген Қазталов ауданы Жалпақтал ауылының санитарлық көлігі екен.
Қазіргі мәлімет бойынша жол апаты салдарынан төрт адам облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. 21 жасар мейірбикенің аяғы көгерген. 42 жастағы жүргізуші жабық бас жарақатын алған. 33 жастағы тағы бір мейірбикенің мойны көгерген. 40 жастағы ер адам басынан жарақат алған.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оралда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырап, төрт адамның зардап шеккен болатын.
Фото/mgorod.kz