Оралда салынып бітпеген тергеу изоляторы ғимараты инвесторларға ұсынылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда салынып бітпеген тергеу изоляторы ғимараты инвесторларға ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің Фейсбуктегі парақшасында жазғанындай , аталмыш ғимараттың ауданы – 35 мың шаршы метр.

Әкімнің мәлім еткеніндей, Орал қаласында 1500 адамға арналған тергеу изоляторының құрылысы 2013 жылы басталған болатын. Бүгінде нысан 90 пайызға дайын. Ғимараттың баланстық құны шамамен 5,2 млрд теңгені құрайды.

Жер телімінің жалпы ауданы – 11,8 га. Осы аумақта әкімшілік ғимараты, жатақханалар, спорт залы, гараждар, күзет бөлмелері, шеберханалар, көкөніс қоймасы, асхана, қазандық және басқа. нысандар орналасқан. Инфрақұрылым 90 пайызға аяқталған.

Батыс Қазақстан Ресейдің бес және Қазақстанның екі облысымен шектеседі. Орал қаласынан 700 шақырым радиуста 20 миллионға жуық адам тұрады.

«Біз аталған нысанды кез келген бағыттағы бизнеске беруге дайынбыз. Әсіресе, әлеуметтік бағыттағы жобаларды қолдаймыз (медициналық орталық, шағын бизнес үшін инкубатор, жастар қалашығы және т.б.).

Нысан инвесторға жеңілдікті шарттармен, яғни, төлем мерзімін ұзарту арқылы және ұлттық валютамен беріледі.

Сондай-ақ біз мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы ұсыныстарды да қарастыруға әзірміз. Ол жағдайда нысанның сомасы инвестор тарапынан өтелмей, инвестордың жобасындағы мемлекеттің үлес шотына түседі. Сонымен қатар мемлекет жобалық қызметтерді тұтынушы ретінде қолдай алады (медициналық қызметтер, білім беру қызметтерін жан басына шаққандағы қаржыландыру және т.б.)», деп жазды Ғ.Есқалиев.

Осы ұсынысқа қызығушылық білдірген кәсіпкерлер өңір басшысының жеке WhatsApp нөміріне +77017776037, «Инвестор» деген белгімен өз ұсыныстарын жолдай алады.


Соңғы жаңалықтар