Оралда сәбиін зиратқа тастап кеткен көкек ана табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда сәбиін зират маңына тастап кеткен әйелге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 5 наурыз күні Деркөл ауылындағы қалалық бейіт маңынан жаңа туған шақалақ өлі күйінде табылған болатын.

Орал қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында келесі күні күдікті әйелді анықтаған еді.

Биылғы 19 сәуірде шыққан сот молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысына сәйкес күдіктінің баланың анасы екендігі 99,9 пайызға белгілі болып отыр.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 100-бабына сәйкес (жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі) күдіктіден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап бойынша айыпталушы 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Орал қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Бисеновтің айтуынша, күдікті сол ауылдың 1985 жылғы тұрғыны болып шықты. Кейін ол баланың анасы екендігін мойындады.

Еске сала кетейік, Оралда сәбиін зират маңына тастап кеткен «көкек» ананың іздестіріліп жатқанын бұдан бұрын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар