Оралда республикалық домбырашылар байқауының жеңімпаздары анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралдағы Жастар мәдениет үйінде Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған республикалық домбырашылар байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі күнге созылған айтулы күй додасына Астана, Алматы қалалары мен Қызылорда, Атырау, Қостанай, Түркістан және Батыс Қазақстан облысынан барлығы 18 үміткер қатысып, бақ сынады.

Байқаудың алғашқы кезеңінде домбырашылар Құрманғазының «Байжұма», «Ақбай», Қазанғаптың «Жұртта қалған», Тәттімбеттің «Саржайлау», Дәулеткерейдің «Аңшылық» күйлерін тартты. Екінші кезеңде Құрманғазының «Терісқақпай», «Арба соққан», Орыншаның «Байжұма», Есірдің «Ақжарма», Әшімтайдың «Қоңыр қаз» күйлерін нақышына келтіре орындады. Үздіктер іріктеліп, финалдық айналымға жолдама алды.

Сайыс қорытындысында Батыс Қазақстанның Бөкей ордасы ауданынан түлеп ұшқан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4-курс студенті Жасқайрат Мұқашев бас жүлдені жеңіп алды. Оралдық Жасұлан Зинеденовке бірінші, алматылық Ақбөкен Темірге екінші орын бұйырды. Тағы бір алматылық Қайрат Жұмағалиев үшінші жүлдеге ие болды.

Қазылар алқасының төрағасы, белгілі домбырашы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының әртісі Ермек Қазиевтің айтуынша, байқау біршама өсіп келе жатқан жас орындаушылардың бар екендігін көрсетті. Енді олар осы ұлттық өнерді одан әрі дамыту жолында көбірек ізденіп, ерінбей еңбектене берулері керек.

Соңғы жаңалықтар