Оралда ресейлік бизнес құрылымдары өкілдерінің қатысуымен мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізілді

None
None
ОРАЛ. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында ресейлік бизнес құрылымдары өкілдерінің қатысуымен мал өсіру кешендерін салу және тауарлы-сүт фермаларына арналған жабдықтар мен құрал-саймандардың ұсынымына арналған кеңес өткізілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбековтің айтуынша, қазан айында Мәскеу қаласында «Алтын күз» атты ауыл шаруашылығы өнімдері мен қызметтерінің кең көлемді көрмесі өткізілген. Көрме аясында іскерлік кездесулер мен таныстырылым шаралары ұйымдастырылып, екі ел мамандары өзара пікір алмасқан болатын. Бұл жүздесу - соның заңды жалғасы. Ендігі мақсат - Ресеймен арадағы өзара тиімді іскерлік және экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі нығайта беру.

Аталмыш кеңесте сөз алған Екатеринбор қаласындағы «Профимилк» компаниясы бас директорының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары Павел Коршунов көптен бері Қазақстанның Қостанай және басқа облыстарымен іскерлік қарым-қатынас орнағанын айтты. БҚО-ға ол тұңғыш рет ат басын тіреп отыр. Жалпы, «Профимилк» компаниясының ТМД елдері бойынша 27 өкілдігі бар. Компания кез келген сүт сауу кешеніне немесе оған қажетті жабдықтар мен құрал-саймандарды сапалы түрде және қысқа мерзімде орнатып беруге әзір. Соның ішінде сиырдан басқа іңген мен бие, ешкі саууға арналған құрал-саймандар бар. Яғни компания шұбат пен қымыз өндіру ісіне де қолғабысын беруге даяр.

Челябі қаласынан келген қонақтар, осындағы «Штайнбаум» компаниясының өкілдері Алексей Косенко мен Сергей Удашовтар жиналғандарға фильм көрсете отырып, ағаштан салынған мал қораларының темір-бетон және өзге құрылыс материалдарынан тұрғызылған ғимараттарға қарағанда, екі есе арзан, қауіпсіз және экологиялық жағынан таза екенін дәлелдеп сөйледі. Өйткені мал қоралары кәдуілгі іргетассыз орнатылып, құрылысқа қолданылатын ағаштар алдын ала өртке қарсы ерітіндімен суғарылады және кептіріледі. Олар осы әдіспен сынау арқылы тек мал орындары ғана емес, үйлер мен коттедждер тұрғызудың да Ресейде кеңінен қолданыла бастағанын тілге тиек етті.

Соңғы жаңалықтар