Оралда полиция бөліміне екінші рет бомба «қойған» әйел ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда полиция бөліміне жарылғыш зат «қойған» әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 27 қаңтар күні болды.

Шамамен сағат 14.00-де әйел «102» телефонына қоңырау шалып, Абай полиция бөліміне бомба қойылғаны жөнінде хабарлаған.

Оқиға орнына барлық жедел қызмет өкілдері жеткен. Саперлар жарылғыш затты таппаған.

Жедел іздестіру шаралары барысында осы қылмысқа күдікті ретінде 1985 жылғы әйел анықталып, ұсталды. Ол ҚР Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.

«Қазіргі кезде ҚР ҚК-нің 273-бабына сәйкес (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған әйел бұдан бұрын да дәл осы Абай полиция бөліміне бомба қойылғанын хабарлап, қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Алайда одан қорытынды шығармаған. Енді ол тағы да заң алдында жауап береді», - деді департаменттің баспасөз хатшысы Әлия Наурызғалиева.

Аталған бап бойынша кінәлі деп табылған адамға бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар