Оралда полицейлерден қашқан мас жүргізуші орманға кіріп кеткен

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда полицейлерден қашқан мас жүргізуші орманға кіріп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 21 қыркүйек күні шамамен сағат 23.10-да Сарайшық пен Петровский көшелерінің қиылысында болды.

Тоғайдан қатты музыкамен шығып келе жатқан ВАЗ-2112 автокөлігі полицейлердің көзіне түсті.

Тәртіп сақшылары дауыс зорайтқыш пен сиренаны қосып, тоқтатпақ болғанымен, жүргізуші оған бағынбай, Жайық өзені маңындағы орманға тығылмақ болады. Бірақ 13 минуттан кейін жүргізуші ұсталды. Ол көлік құралын жүргізуге құқығы болмаса да, мас күйінде рульге отырған болып шықты. Осылайша мас жүргізуші адамдар өміріне қауіп төндірген.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 595-бабы, 1-бөлігі, 606-бабы, 1-бөлігі, 608-бабы, 6-бөлігі және 613-бабы, 1-бөлігіне сәйкес хаттамалар толтырылды.

Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жүргізушінің велосипед мінген ер адамды қағып, қашып кеткенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ 43 жастағы ер адам өзіне-өзі пышақ салды.


Соңғы жаңалықтар