Оралда полицей көлікті соғып, жас келіншек көз жұмды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда полиция қызметкері кінәлі жол апатынан зардап шеккен жүргізуші келіншек көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 7 желтоқсан күні сағат 03.00-дер шамасында болған.

Орал қаласы полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенанты, 1985 жылғы Медет Рахадилов «Audi B4» көлігімен Жәңгір хан көшесінде жол қауіпсіздігін сақтамай, алда тұрған «Chevrolet Lacetti» автокөлігін соққан. Оның рулінде болған 1990 жылғы келіншек түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілгенімен, бүгін ес жимастан қайтыс болды.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, марқұмның соңында ері мен төрт баласы қалды.

9 желтоқсан күні БҚО полиция департаменті тәртіптік кеңесінің шешімімен аталған қызметкер ішкі істер органдарынан шығарылды.

Сондай-ақ уақытша оқшаулау изоляторына қамалған оған қатысты ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция қызметкеріне қатысты тағы бір оқиға 2 желтоқсан күні Тасқала ауданы Тасқала ауылында болды.

Аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы, 1976 жылғы Сәкен Қазжанов сағат 06.00 шамасында «Шевроле Нива» автокөлігімен М.Мәметова көшесінде жолдан өтіп бара жатқан 1963 жылғы тұрғынды қағып, оқиға орнынан кетіп қалған.

Қазіргі кезде бұл оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 2-бөлігі және 347-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу жүргізілуде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, ер адам Орал қалалық ауруханасының жансақтау бөлімінде, есін жиған жоқ.

Соңғы жаңалықтар