Оралда пара берген басшы 7,2 млн теңге айыппұл төлейтін болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Орал қалалық сотының үкімімен пара берген «Жайықжылуқуат» АҚ техникалық директоры Нұрболат Жұмалиевке 7,2 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш соттан түскен мәліметке қарағанда, биылғы 18 маусымда БҚО прокуроры қаулысының негізінде «Жайықжылуқуат» АҚ-ның қызметіне тексеру жүргізілген.

Тиісті сала қызметкерлері, соның ішінде БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің маманы Б.Жабасов қатысқан тексеру барысында металл қалдықтарының кәсіпорын аумағынан заңсыз шығарылғаны анықталды. Металл қалдықтарын қабылдау пунктіне тапсырудан түскен 800 мың теңге көлеміндегі қаржы «Жайықжылуқуат» АҚ-ның кассасына түспеген.

Металл қалдықтарын кәсіпорын жүргізушісі қызметтік көлігімен аталмыш пунктке Н.Жұмалиевтің жеке нұсқауымен жеткізген.

Осы деректі жасырып-жауып, тексеру актісінде көрсетпеу үшін Н.Жұмалиев шілде айында Б.Жабасовқа 500 мың теңге сыйақы ұсынған. Бірақ Б.Жабасов бұл жөнінде мемлекеттік кірістер департаментінің басшысына мәлім еткен.

Н.Жұмалиев өзінің қылмыстық іс-әрекетін жалғастырып, 20 шілде күні қызметтік кабинетінде Б.Жабасовқа аталған ақша хатшының жұмыс үстелінің бірінші сөресінде жатқанын айтқан. Алайда Б.Жабасов оны алудан бас тартқан. Н.Жұмалиев мұнымен тоқтамай, сол ғимарат ішінде 480 мың теңге ақшасы бар конвертті Б.Жабасовтың қалтасына салып, бой тасалаған.

Осылайша Н.Жұмалиев ҚР ҚК 367-бабы 2-бөлігіне сәйкес келетін қылмысқа барған.

Прокурор, күдікті және оның қорғаушысы арасында процессуалдық келісім жасалып, іс сол негізде қаралды.

Орал қалалық сотының үкімімен Н.Жұмалиев ҚР ҚК 367-бабы 2-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеусіз, параның он бес еселенген мөлшерінде, яғни 7,2 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметте лауазымды және жарғылық қаржысында мемлекет үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар