Оралда өткен туристік фестивальге ресейліктер де қатысты (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Еуразия» туристік-сауықтыру кешенінде Дүниежүзілік туризм күніне арналған білім саласы қызметкерлерінің ХVІІІ «Еуропа-Азия» туристік фестивалі мәреге жетті.

Осымен он сегізінші рет ұйымдастырылып отырған фестивальге БҚО ғана емес, сондай-ақ Ақтөбе, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, сондай-ақ Ресейдің Орынбор, Саратов облыстарынан мектептер мен колледждер туристік-өлкетану қызметін ұйымдастырушылары қатысты. Олар жаяу туризм түрлерінен және басқа байқаулар бойынша сынға түсті.

Жарыс соңында командалар түрлі аталымдар бойынша жүлдеге ие болып, медаль, дипломдармен, ескерткіш сыйлықтармен марапатталды. Айталық, «Асудан өтуден» Жәнібек пен Теректі аудандары өкілдері үздік шықса, қазталовтықтар туристік көңілді тапқыштар болып танылды. Кросс-жорықтан тасқалалықтар алдан көрінсе, лабиринттен орынборлықтар озды. Техникалық қашықтықтан жәнібектіктер көзге түссе, жекелей сында теректілік Нұрболат Дүйсенғалиев пен ақжайықтық Ажар Қаленова ерекшеленді. Түнгі бағдарлаудан қаратөбелік Қайрат Аманғали мен орынборлық Карина Саржанова алдарына жан алмады. Сол секілді үздік фото, бейнефильм, туризм туралы очерк, жорық жөніндегі есеп жеңімпаздары да марапатталды.

БҚО балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Виктор Фоминнің айтуынша, өз туристеріміз шеберлігін шыңдағаны өз алдына, «Еуропа-Азия» фестивалі Қазақстан мен Ресейдің көршілес облыстарының балалар-жасөспірімдер туризмін ұйымдастырушылары арасындағы достық қарым-қатынасты барынша нығайтып келеді. Осындай шаралар барысында олар бір-бірімен тәжірибе алмасып, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеудегі білім-білігін байыта түседі.

Соңғы жаңалықтар