Оралда өрт қауіпсіздігін сақтамаған ПИК-ке 1 млн теңге айыппұл салынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда өрт қауіпсіздігін сақтамаған ПИК-ке 1 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаменті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, «Дорожник» ТПИК-іне қарасты төрт көп пәтерлі үйдің өрт қауіпсіздігіне тексеру жүргізілген.

Тексеріс барысында ТПИК басшылығының бұрын белгіленген өртке қарсы іс-шараларды орындамағаны анықталды. Мысалы, ғимараттарда жарықтандыру желілері мен электр сымдарының жай-күйі тексерілмеген, бүлінген электр сымдарының қолданылуына жол берілген, электр шамдарының қақпақшалары алынып тасталған, өрт бола қалған жағдайда адамдар сыртқа шығатын жолдармен қамтамасыз етілмеген. Мұның бәрі өрескел бұзушылық санатына жатады және тұрғындардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. 

Бұдан бұрын табыс етілген ұйғарымды орындамағаны үшін мемлекеттік инспектор ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес «Дорожник» ТПИК-іне қарасты әр тұрғын үйге жеке-жеке хаттама толтырып, Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотына жіберді.

«15 қараша күні әкімшілік хаттамаларға сәйкес «Дорожник» ТПИК-іне 962 мың теңге көлемінде айыппұл салу жөнінде шешім қабылданды», деді Е.Төрегелдиев.

Айта кетейік, биылғы он айда өңірде 562 өрт оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 5 адам қаза тауып, 23-і жарақат алды. Талдау көрсеткеніндей, жарақаттанғандардың көпшілігі, яғни 15-і көп пәтерлі тұрғын үйлерде тұрған.

Соңғы жаңалықтар