Оралда оқушылар сарайы мен Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығы ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай оқушылар сарайы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның ашылу рәсіміне облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, бокстан Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр мен оның әкесі әрі бапкері Марат Елеусіновтер, «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли қатысты.
null 

«Тәуелсіздігіміздің торқалы тойына орай облыс орталығында аса маңызды әлеуметтік және спорттық нысан - оқушылар сарайы ашылып отыр. Бұл - өңір жастары мен оқушылары үшін көптен күткен ерекше оқиға. Қазіргі заман талаптарына сәйкес салынған сәулетті ғимаратта жеткіншек ұрпаққа қосымша білім беру үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар Батыс Қазақстаннан түлеп ұшқан даңқты спортшымыз Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығында балғын жастар жаттығып, өз шеберлігін шыңдайтын болады. Олардың арасынан Данияр сияқты болашақта ел намысын қорғайтын спортшылар өсіп шығарына сенім мол», деді Алтай Көлгінов.
null 

Оқушылар сарайында кітапхана, зертхана, көрме және концерт залдары, асхана, жеңіл атлетика залы, мұз айдыны, планетарий, обсерватория, бассейн және басқа орындар бар. Кең залдың бірінде Д.Елеусінов атындағы бокс орталығы орналасқан. Осында олимпиада чемпионы өзінің алғашқы шеберлік сағатын өткізді.
null 

Орал қалалық білім беру бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, шаһарда 100 мыңдай мектеп оқушысы болса, соның 40 пайыздан астамы қосымша білім берумен қамтылған. Енді қосымша білім беруге қатысты шаралардың бәрі оқушылар сарайында өтетін болады.
null 

Айта кетейік, өңірдегі жыл ғимараты деуге тұрарлық төрт қабатты оқушылар сарайы «ҚПО б.в.» компаниясы есебінен салынды. Оның құрылысына 3 миллиардтай теңге жұмсалды. Мердігері - «Альтаир» ЖШС. Ғимараттың жалпы алаңы 16 мың шаршы метрден асса, жер аумағы екі гектарға жетеқабыл. 
null 

Соңғы жаңалықтар