Оралда «Мерейлі отбасы - 2017» байқауының жеңімпазы белгілі болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Астана күніне орай Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында «Мерейлі отбасы - 2017» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаз-жүлдегерлерін марапаттау рәсімі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

null

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ұлттық салт-дәстүрді және отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында осымен төртінші рет ұйымдастырылған сайыстың Орал қаласы мен аудандардағы іріктеу кезеңдеріне барлығы 129 отбасы қатысып, солардың ішінен 26-сы облыстық байқауға жолдама алған болатын.

null

Өңірлік кезең қорытындысында Жәнібек ауданынан келген Чукиндер отбасы бас жүлдені жеңіп алды. Әуелден өнер қонған шаңырақта отағасы, марқұм Ғаділ Чукин мамандығы мал дәрігері болғанымен, кейін Ұзынкөл орта мектебінде музыка пәнінен дәріс берді. Ал отанасы Жаңылсын Есенқызы осы білім ордасында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде отыз жылдан астам уақыт бойы ұстаздық етіп келеді әрі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Екі ұл, үш қызды қанаттандырған ерлі-зайыпты Чукиндер 1993 жылы отбасылық ансамбль құрып, өз өнерлерімен ауыл-аймаққа танымал болды. Түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды да иеленді. Қайырымдылық істерден де шет қалмайтын Чукиндер енді Астана қаласында өтетін «Мерейлі отбасы - 2017» ұлттық байқауына әзірленетін болады.

null

Облыстық кезең қорытындысында сондай-ақ Тасқала ауданынан келген Қойшыбаевтар бірінші, зеленовтық Халеловтар екінші, теректілік Қуанышқалиевтер үшінші орынға ие болды. Басқа отбасылар да түрлі аталымдармен марапатталды.

null

«Мемлекет басшысының салиқалы саясаты арқасында еліміз өркендеп, қарышты даму үстінде. Бұған бірлігі бекем, мерейі үстем отбасылар да өз үлестерін қосып келеді. Дүниеге сәби келтіріп, дені сау, рухы мықты, білімі терең ұрпақ тәрбиелейтін отбасы көбейе түссе, мемлекетіміздің іргесі мықты болып, ортақ шаңырағымыз шаттық пен бақытқа, ырыс-ынтымаққа тола бермек», деді жеңімпаз-жүлдегерлерді құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

nullnull

Соңғы жаңалықтар