Оралда мемлекетке 600 млн астам теңге залал келтіргендер сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қалалық сотында «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қаржы жымқырып, мемлекетке 600 млн астам теңге залал келтіргендерге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сотта анықталғандай, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары филиалдарында басшылық қызмет атқарған Ерболат Оңғарбек қызмет бабын пайдалана отырып, филиал маманы Бижан Нұрқатовпен ауыз жаласып, сондай-ақ кәсіпкер Анвархон Торахановпен және «Урал» шаруа қожалығының басшысы Айдын Қамзинмен бірге аса ірі көлемде қаржы жымқырған.

Сонымен қатар шаруа қожалықтарының басшылары Миржан Арыстанов, Нұрберген Жұмағұлов, Мәлік Ержанов, оған қоса Мейрамбек Байғутиев Е.Оңғарбектің ықпал етуімен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы және «Ақжайық Агро» несие серіктестігі арқылы заңсыз несие алған.

Аталған адамдардың заңсыз іс-әрекеттері салдарынан мемлекетке 600 млн астам теңге көлемінде залал келтірілген.

Е.Оңғарбек, А.Тораханов, Б.Нұрқатов кінәларын мойындаған жоқ. Ал қалғандары кінәларын толықтай мойнына алды. Оған қоса М.Байғутиев, М.Арыстанов, Н.Жұмағұлов, М.Ержанов қылмысты ашып, әшкерелеуге белсенді жәрдемдескен.

Сот үкімімен Е.Оңғарбек ҚР ҚК 28-бабы 5-бөлігі, 219-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылғанымен, қуыным мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Е.Оңғарбек ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану), 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сәйкес айыпты деп танылып, 58-баптың 3-бөлімі қолданыла отырып, 9 жылға үкім кесілді. Ол сондай-ақ мемлекеттік қызметте және басқа органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Б.Нұрқатов ҚР ҚК 28-бабы 5-бөлігі, 219-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, қуыным мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ол 219-бап 1-бөлігі эпизоды бойынша қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталды. Дегенмен Б.Нұрқатов ҚР ҚК 28-бабы 5-бөлігі, 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес 7 жылға сотталды.

А.Қамзин ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, 55-баптың 4-бөлігі қолданыла отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Осыған дейін үйқамақта болған Б.Нұрқатов пен А.Қамзин сот залында тұтқындалды.

А.Тораханов ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес 7 жылға сотталды.

Сотталғандардың бәрі де үкім күшіне енген жағдайда жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

М.Байғутиев, М.Арыстанов, Н.Жұмағұлов және М.Ержанов қуыным мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Судья Қайрат Өтешев үкім шығарған кезде сотталушылардың кішкентай балалары бар екендігі, қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайдың жоқтығы ескерілгенін жеткізді.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да пара алған полиция қызметкеріне 7,5 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар