Оралда мемлекетке 17 млн теңге залал келтірген кәсіпкер сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда мемлекетке 17 млн-ға жуық теңге залал келтірген кәсіпкер сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО бойынша экономикалық тергеулер департаментінен түскен мәліметке қарағанда, Орал қалалық сотының үкімімен Ж.Сейтмағанбетов мемлекеттік сатып алу саласында алдау жолымен ірі көлемде қаржы жымқырғаны үшін айыпты деп танылды.

2018 жылдың сәуірінде Орал қалалық білім беру бөлімі электронды мемлекеттік сатып алу веб-порталында шаһар мектептері үшін интерактивті жабдықтар жиынтықтарын алуға конкурс жариялаған.

«ZhanGroup» ЖШС директоры әрі құрылтайшысы Ж.Сейтмағанбетов аталған конкурсқа өтінім түсірген кезде жалған мәліметтерді көрсеткен. Яғни ЖШС-ның атынан жазылған хатта «ZhanGroup» ЖШС-ның ел аумағында лицензиялық бағдарламалық өнімдерді өткізетіні айтылған. Шын мәнінде «ZhanGroup» ЖШС онымен айналыспаған.

Оған қоса «М» ЖШС-ы техниканы кепілді қызмет көрсетуші фирма ретінде көрсетілген. Алайда бұл серіктестіктің интерактивтік жабдық бойынша қызмет көрсету орталығы болмаған.

Осындай құжаттар негізінде конкурсқа қатысқан «ZhanGroup» ЖШС жеңімпаз деп танылған.

Келісімшарт жасалғаннан кейін Ж.Сейтмағанбетов 2018 жылдың тамызы мен қыркүйегінде Орал қаласы мектептеріне мемлекеттік сатып алу құжатында көрсетілген техникалық сипаттамаға сәйкес келмейтін интерактивті жабдықтарды жеткізген.

Осындай заңсыз іс-әрекеттері салдарынан мемлекетке 16 млн 949,610 мың теңге залал келтірген. Залал толықтай өндірілді.

Сот үкімімен ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағына сәйкес Ж.Сейтмағанбетовке шартты түрде бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сондай-ақ ол мемлекеттік сатып алу саласында 3 жылға қызмет атқару құқығынан айырылды.







Соңғы жаңалықтар