Оралда мектепте балалардың жаппай улануына байланысты қылмыстық іс қозғалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралдағы №40 орта мектепте оқушылардың неден уланғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 4 қазан күні болған осы оқиғаға байланысты тексеру жүргізілген.

Полиция қызметкерлері сол мектепте білім алатын оқушы қыздың бұрышты газ баллоншасын шашқанын анықтады.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 293-бабы 1-бөлігіне сәйкес (бұзақылық) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын аталмыш мектепте иіс тиген 15 оқушы мен 1 мұғалімнің ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, қазір оқушылардың жағдайы жақсы, сабаққа қатысып жүр. Мұғалім әзірге ауруханада.

Соңғы жаңалықтар