Оралда мәйітханада 10 жасар қыздың сүйегін шатастырып, басқа біреулерге беріп жіберген

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жол апатынан қаза тапқан 10 жасар қыздың сүйегін мәйітханада шатастырып, басқа біреулерге беріп жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айару Ермектің әкесі Асылхан Қазиевтің айтуынша, мәйітханаға қызының сүйегін алуға 21 қараша күні сағат 17.00 шамасында барған.

«Мәйітхана қызметкерлері қыздың сүйегін Бөкей ордасы ауданынан келіп, алып кетті деді. Қайта таныстардан Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылдық округіндегі Шоңай елді мекенінен келген тағы бір бүлдіршін қыздың қайтыс болғанын, сүйегін ауылға алып кетеді деп естігенбіз. Дереу телефондарын тауып, соларға хабарластық. Сөйтсек, олар жарты жолға, Жаңақала ауданы Мәстексай ауылы тұсына жетіп қалыпты. Мәйітті ашып қарамаған ғой. Ашса, басқа қыз екенін көрген. Енді олар кері қайтты. Қызымызды жұма күні жерлегелі отыр едік. Өзіміз қайғы жұтып отырғанда, мына жағдай тіпті есеңгіретіп тастады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Қазиев.

Қаза тапқан Айару Ермек – Бөкей ордасы ауданынан шыққан елге танымал, өнерлі әулеттен. Атасы Ермек, әкесі Асылхан Қазиевтер – белгілі домбырашылар, анасы Әсел Дәулетова – «Ақжайық» би ансамблінің жетекшісі. Айарудың өзі де бимен, гимнастика, каратэмен айналысқан, талабы зор бүлдіршін еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 10 жасар қызды қағып, қашып кеткен жүргізушінің ұсталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар