Оралда күйші-композитор Тұяқберді Шәмелов атындағы тұңғыш республикалық байқау мәреге жетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда белгілі күйші-композитор, Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Тұяқберді Шәмеловтің 70 жылдығына орай І республикалық әншілер мен домбырашылар байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы ұйымдастырған конкурс мақсаты – қазақтың ұлттық аспабы домбыраға деген жастардың ынтасын арттыру, орындаушылардың репертуарын күйлермен толықтырып, Тұяқберді Шәмеловтің шығармашылығын насихаттау.

Екі күнге созылған сайысқа республика өңірлерінен, Орал қаласы мен БҚО аудандарынан 30 үміткер ән және күй жанры бойынша қатысып, бақ сынады.

Байқауда танымал дирижер, қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Айтқали Жайымов бастаған өнер майталмандары төрелік етті.

Қатысушылар Тұяқберді Шәмеловтің күйлері мен әндерін орындады. Сондай-ақ домбырашының репертуарындағы күйлерді тартты.

Конкурс қорытындысында күй жанрынан Атырау облысының Құлсары қаласынан келген Қайрат Жұмағалиев бас жүлдені жеңіп алды. Батыс Қазақстан облысының түлегі, қазір Алматыда тұратын Ақылбек Бектасов бірінші, шымкенттік Сүндет Абдулжаббаров пен атыраулық Жәнібек Жәмиев екінші, оралдық Тұрлыхан Әбуханов, талдықорғандық Мұхит Мүкен, тағы бір атыраулық Назерке Базарбаева үшінші орынға ие болды. Атыраулық Нұрлыбек Нәжекенов дипломант атанса, алматылық Нұрғали Әшімхан Т.Шәмелов атындағы арнайы жүлдені қанжығасына байлады.

Ән жанрынан оралдық дуэт Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәліге тең келер ешкім болмады. Алматылық Әсем Әубәкірова бірінші, шымкенттік Өсербай Бөріханов пен оралдық Айбек Тұрарбеков екінші, Жәнібек ауданынан Райымбек Кәрімов, Бөкей ордасынан Жанаргүл Қуанышева үшінші орынға көтерілді. Қаратөбелік Таңат Жексенбаев дипломант атанып, бөрлілік Гүлсезім Қуанышқалиева «Көрермендер көзайымы» аталымымен, шыңғырлаулық Аңсаған Хибашев Т.Шәмелов атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.

Т.Шәмеловтің зайыбы Жансәуле Шәмеловаға да құрмет көрсетілді.

Гала-концертте фестиваль лауреаттары мен қазылар алқасының мүшелері өнер көрсетіп, композитордың туындыларын орындады.

Күйші-композитор, Қазақстан халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрінің бас концертмейстері әрі көркемдік жетекшісі болған Тұяқберді Шәмеловтің 70 жылдығына арналған іс-шаралар туған жері – Жаңақала ауданында басталып, осылайша Орал қаласында түйінделді.

Мерейтой аясында БҚО мәдениет басқармасы мен филармонияның қолдауымен «Тұяқберді Шәмеловтің партитуралары» атты партитуралар жинағы жарық көріп, тұсауы кесілді. Авторы – дирижер, композитор, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мұхит Мерәліұлының 180 жылдығына арналған республикалық әншілер байқауы мәреге жеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар