Оралда «Күй құдіреті» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Ұлттық домбыра күніне орай күйші-композитор Сейтек Оразалыұлының 160 жылдығына арналған «Күй құдіреті» республикалық домбырашылар байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО мәдениет басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған өнер додасына Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Орал қаласынан 18-45 жас аралығындағы 17 домбырашы қатысты.

Екі күнге ұласқан сайысқа ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртісі, белгілі домбырашы Ермек Қазиев бастаған елге танымал мәдениет және өнер тарландары қазылық етті.

Байқаудың салтанатты жабылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Елорда күні қарсаңында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен, күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Дина мекен еткен Бөкей хандығының 220 жылдығымен тұспа-тұс келген Сейтек бабамызға арналған іс-шараның Ақ Жайық өңірін рухани серпілткенін атап өтті.

«Жылдың соңына дейін күй мерекесі Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойы аясындағы іс-шаралармен жалғаспақ. Ендеше, егемен еліміздің тағы бір мерейлі мерекесі - Ұлттық домбыра күні жасай берсін!», деді Бақытжан Хаберұлы.

Байқау қорытындысында бас жүлдені (500 мың теңге) батысқазақстандық Азамат Қалиев жеңіп алды.

Сондай-ақ атыраулық Қайрат Жұмағалиев бірінші, Алматы қаласынан келген Айгерім Неталиева мен талдықорғандық Бота Дүнгенбаева екінші, қызылордалық Бауыржан Сейдәлі, оралдық Әлібек Қуанышалиев, тағы бір алматылық Темірхан Бейбіт үшінші орынға ие болды.


Соңғы жаңалықтар