Оралда құтқарушылар жасөспірімді суға кетуден аман алып қалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда құтқарушылар 13 жастағы жасөспірімді суға кетуден аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушы-психологы Лейла Әбдірахманованың айтуынша, оқиға кеше Шаған өзенінде орын алды.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы құтқару бекетінде кезекшілікте жүрген бас құтқарушы Нұрбек Тауашев пен Бекжан Айтқалиев суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқарып қалды.

Бала өзінің досымен бірге саябаққа ересектердің бақылауынсыз келген. Содан кейін тыйым салынған белгіге қарамастан, қауіпті тұстан суға секірген. Кезекті секірістен кейін сіңірі тартылған бала суға бата бастаған. Құтқарушылар қайықпен жедел келіп, оны шығарып алған. Шошып кеткен балаға көмек көрсетіліп, досымен бірге үйіне жіберілді.

Екі сағаттан кейін суға шомылуға жабдықталмаған жерден аяғын жарақаттап алған тағы екі жасөспірімге медициналық көмек көрсетілді. Бұлар да ересектердің қарауынсыз жүрген.

Аталмыш саябақта құтқару бекеті жұмыс жасай бастаған 25 мамырдан бері 11 адам құтқарылса, соның бесеуі - балалар.

Соңғы жаңалықтар