Оралда құрылысы бітпей, қаңырап тұрған нысандар аз емес

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда құрылысы бітпей, қаңырап тұрған нысандар аз емес. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен инвестицияларды тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету жөніндегі өңірлік кеңес отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онда өңір басшысының атап өткеніндей, қалада жылдар бойы салынбай, бос тұрған ғимараттар баршылық.

Мұндай ғимараттар инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізумен қатар қала көркін бұзып, тұрғындарға қауіп төндіреді. Соған байланысты осы нысандардың иелерін тауып, келіссөз жүргізіп, қозғау салу тапсырылған болатын.

«Мұндай нысандардың болмауына біз де мүдделіміз. Сондықтан олардың иелеріне әкімшілік немесе қаржылай қолдау керек болса, қолұшын созуға дайынбыз. Құрылысы бітіп, нысандар іске қосылса, көптеген жұмыс орындары ашылар еді. Бұл мәселені ұдайы қадағалап отыратын боламыз», деді облыс әкімі.

БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бауыржан Сейтқалидың айтуынша, өңір басшысының тапсырмасына сәйкес осы мәселе бойынша өткен жылдың қазан айында арнайы ведомствоаралық комиссия құрылған еді.

Тексеру нәтижесінде бастапқыда қалада 14 нысанның құрылысы тоқтап тұрғаны белгілі болды. 13 нысанның иесі анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ал «Омега» зауыты ауданындағы бір нысанның иесі іздестірілуде.

Мысалы, Н.Назарбаев даңғылы 177 А мекен-жайында орын тепкен «Идеал Маркет» ЖШС меншігіндегі нысан қаңырап бос тұр. Ескертуден кейін тиісті шара алынбағандықтан, сотқа да жүгінуге тура келді. Қазіргі кезде келіссөз нәтижесінде ғимарат орналасқан жердің пайдалану бағыты өзгертіліп, айналасын тазарту, терезелерін уақытша бітеу жұмыстары жасалуда.

«Басқа да нысандар иелерімен осындай ықпал ету шаралары жүргізілетін болады», деді Б.Сейтқали.

Тағы бір мәселе, мониторинг жүргізу барысында 23 нысанда құрылыс жұмыстарының басталғаны жөнінде хабарлама жіберілмей, заңбұзушылықтың орын алғандығы анықталды. Олардың арасында көп қабатты үй тұрғызып жатқан кәсіпкерлер де бар. Соның бірі – Самар көшесі бойындағы бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы (меншік иесі – үш адам) өткен жылдың қазан айында басталған. Құрылыс жобалау-сметалық құжаттамасыз жүргізілген, техникалық және авторлық қадағалау болмаған. Меншік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 777 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазіргі уақытта кемшіліктер жойылғанға дейін құрылысты тоқтату жөнінде ұйғарым берілді. Сондай-ақ Қадыр Мырза Әли шағынауданы 29-мекенжайында салынып жатқан тоғыз қабатты және Л.Толстой көшесі 143-тегі тұрғын үй құрылысы иелерінің әрқайсысына 222 мың теңгеден айыппұл салынды.

Ғали Есқалиев басқа да нысандар бойынша осындай жұмыстар жүргізіп, нақты шаралар алуды тапсырды.

Кеңесте сонымен қатар Зачагандағы «Ақжайық» шағынауданының құрылысы, Деркөл кентінде шағын индустриалдық аймақ құру және Бәйтерек ауданы Январцев ауылында көкөніс қоймасын салуға қатысты инвестициялық жобалар талқыланды.


Соңғы жаңалықтар