Оралда Құрманғазы мен Динаның ескерткіші ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласында Құрманғазы мен Дина Нұрпейісова атындағы көшелердің қиылысындағы алаңда қос күйшіге орнатылған ескерткіш салтанатты түрде ашылды.

Шараға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, осынау еңселі ескерткіштің ашылуын тарихи оқиға деуге болады. «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, Қазақ - нағыз қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп, Қадыр ағамыздың айтқанындай, домбыра қазақтың жан-жүрегі іспеттес. Ұлан-ғайыр даладан шыққан ұлы тұлғалар аз болған жоқ. Міне, бүгін күй атасы Құрманғазы мен Динаға ескерткіш ашып отырмыз. Бұл жайдан-жай емес. Биыл күй анасы Дина Нұрпейісованың туғанына 155 жыл толды. Осыған орай зиялы қауым өкілдерімен ақылдаса келе, Дина Құрманғазының шәкірті болғандықтан, екеуіне бір композиция қоюды ұйғардық. Оның үстіне қос күйші атындағы көшелердің қиылысында орын тепкені жөн деп шешілді. Дала данышпандары Құрманғазы да, Дина да өз күйлерінде еліміздің азаттығын аңсады. Бұл еркіндікке олардың ұрпақтары жетіп отыр. Осынау ойымыздың тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жүзеге асқаны айрықша қуаныш үстейді», - деді өңір басшысы.

null  

Мерейлі шараға арнайы келген мәртебелі меймандардың бірі, белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтағанның айтуынша, күй - тек қазақ халқына тән қасиетті өнер. «Ендеше, күй атасы мен анасының екеуіне қатар ескерткіштің қойылуы - қазақ мәдени өміріндегі айтулы оқиға. Осы күй өнері арқылы қазақты бүкіл әлем таныды десек, артық айтқандық емес. Құрманғазы атындағы оркестр Америкаға барып, концерт қойып, «Адай», «Сарыарқа» сынды күйлерді орындағаннан кейін соны көріп, тыңдаған бір  конгрессменнің «Пейіштің музыкасын естігендей болдым» деген сөзін естігенім бар. Бұдан артық қандай баға керек. Мінекей, аттың жалында, атанның қомында бүгінге жеткен күйіміз өзінің құдірет-күшімен әлемді осылайша таңғалдырып келеді», - деді А.Тоқтаған.

БҚО тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мемлекеттік инспекциясының басшысы Талғат Жүсіпқалиевтің сөзіне қарағанда, ескерткіш авторы - республикаға танымал мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Мұрат Мансұров. Алматыдағы «Тәуелсіздік», Астанадағы «Қазақ елі», «Керей мен Жәнібек» сынды монументтерді салуға қатысқан, еліміздегі көптеген ескерткіштердің авторы. Алдымен республикалық конкурс жарияланып, соның нәтижесінде үздік жұмыстар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы мемлекеттік комиссияға жіберіліп, сонда Мұрат Мансұровтың жобасы озық деп танылды. Биылғы мамыр айында басталған жұмыс үш айда бітті. Астанадағы көркемөнер комбинатында құйылған ескерткіштің жалпы салмағы бес тоннадай. Оған 67 млн. теңгедей қаржы жұмсалды.

null  

«Бүгін бәріміз үшін ерекше күн болды, соның ішінде Құрманғазы атындағы оркестр бүкіл ұжым болып қуанып жатыр. Мұндай ескерткіш, әсіресе, бабаларының қандай болғанын танып-білу үшін кейінгі жас ұрпаққа керек. Біз Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің арнайы шақыруымен осы шараға келіп отырмыз. Күй атасына қай қалада ескерткіш ашылса да, Құрманғазы атындағы оркестр соны қолдап, өз өнерін көрсетуден танған емес. Бүгін де Атырау облысындағы Дина Нұрпейісова атындағы және Батыс Қазақстандағы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрлерімен бірлесіп, «Күй дүлдүлдерінің дүбірі» атты арнайы концерт қоймақшымыз. Онда Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей және басқа композиторлардың туындылары орындалады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов.

Айта кетейік, ескерткіштің ашылу рәсіміне Дина ұрпақтарының бірі Бағила Бишаева қатысты.

null null null null  

Соңғы жаңалықтар