Оралда көз ауруларын емдейтін бөлімше ашылып, науқастарға ота жасала бастады

None
None
ОРАЛ. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қарашаның 20-сында облыстық аурухана базасында күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілген офтальмологиялық бөлімшеде алты науқастың көзіне ота жасалды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бөлімшенің салтанатты ашылуына қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бұл оқиғаның тек БҚО ғана емес, Атырау, Ақтөбе, Маңқыстау облысы тұрғындары үшін де маңызы зор екенін атап өтті. Облыс басшысы мен С.Федоров атындағы "Көз хирургиясы" салааралық ғылыми кешені Орынбор филиалының директоры, академик Владимир Конюков көгілдір лентаны  қиып, тұсаукесер рәсімін жасады.

Осыдан екі жыл бұрын БҚО әкімдігі мен Ресей Федерациясының Орынбор облыстық басшылығы арасында денсаулық сақтау саласында меморандумға қол қойылған болатын. Соның нәтижесінде екі өңір арасында өзара тығыз ынтымақтастық орнаған. Орынбор филиалында тек өткен жылы қазақстандық 2331 адам тексеріліп, оның 1957-іне түрлі деңгейде ота жасалған. Он жылда осында тексеруден өткен науқас саны 32 мыңға жуықтаған. Енді Қазақстанның батыс аймағының көз ауруымен сырқаттанғандары Орал қаласына келіп, жанарларына жан бітіре алады. Алғашқы кездері аталмыш бөлімше мамандарына орынборлық білгір мамандар көз микрохирургиясы бойынша әдістемелік көмек көрсететін болады.  

"Жол картасы" бағдарламасына сәйкес республикалық бюджеттен 182,5 млн. теңге қаражат бөлініп, 1967 жылы салынған ғимарат қайтадан күрделі жөндеуден өткізілсе, аталмыш бөлімшеге жоғары технологиялық медицина жабдықтарын сатып алуға облыс қоржынынан 45 млн.теңге жұмсалды.

Соңғы жаңалықтар