Оралда қос бірдей жасөспірім суға кетуден құтқарылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда қос бірдей жасөспірім суға кетуден құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушы-психологы Лейла Әбдірахманованың айтуынша, оқиға 14 шілде күні қалалық мәдениет және демалыс саябағы аумағында орын алды.

Ересектердің қарауынсыз, суда ойнап жүрген 2006 және 2007 жылғы ұл балалар тереңге батып бара жатқан.

Осы маңда кезекшілікте жүрген құтқарушылар Алтынбек Қажеденов пен Павел Федоров жедел жетіп, жасөспірімдерді аман алып қалды.

Қатты қорыққан балалар жағада жүрген аналарының қолына тапсырылды.

«Өткен аптада 8 адам суға кетуден құтқарылды. Соның төртеуі – балалар», деді Л.Әбдірахманова.

БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ақылбек Ахметжановтың айтуынша, биыл жыл басынан бері 24 адам суға батып кетсе, соның жетеуі – балалар.

Облыс аумағындағы су айдындарында көпшіліктің демалысына бес жағажай ғана сәйкес келеді, оның үшеуі Оралда, екеуі Бәйтерек ауданында.

«Қауіпті жерлерде 247 тыйым салу белгісі орнатылды. Қазіргі кезде қосымша белгілерді жаңарту және орнату жұмыстары жүргізілуде. Су айдындарында құтқарушыларға еріктілер жасақтары да көмектесуде», деді А.Ахметжанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда суға батуға әрекеттенген әйелдің құтқарылғанын жазған болатынбыз.

32 жасар әйел мас күйінде өзіне-өзі қол жұмсамақ болып тік жардан секіріп кеткен. Абырой болғанда, құтқарушылар Нұрбек Тауашев, Әзілхан Қарабасов, Батырбек Нұрғалиев жетіп үлгеріп, әйелді қайықпен жағаға алып шыққан.

Соңғы жаңалықтар