Оралда «Көршілер» халықаралық білім беру лагері ұйымдастырылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы «Дарын» кешенінде «Көршілер» халықаралық білім беру лагерінде жастар бас қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лагерьді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және БҚО әкімдігінің қолдауымен Батыс Қазақстан облысы бойынша «Болашақ» корпоративтік қоры ұйымдастырды.

Жиынға Батыс Қазақстаннан басқа Ресейдің Саратов және Самара облыстарынан медиа, мәдениет, кәсіпкерлік және бизнес салаларында жұмыс істейтін белсенді жастар, жастар саясаты саласындағы сарапшылар, блогерлер, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен белсенділері, жоғары оқу орындарының студенттік өзін-өзі басқару құрылымдарының өкілдері мен басшылары және қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары, барлығы 60-қа жуық адам келді.

Сонымен қатар екі жылда бір рет өткізіліп жүрген жиынға өзбекстандық жастар онлайн сипатта қосылды.

Аталмыш іс-шараның негізгі мақсаты – халықаралық өңіраралық жастар ынтымақтастығын кеңейту, тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтып, үздік әдістемелер, жобалармен алмасу, жастар саясаты, мәдениет, кәсіпкерлікті қолдау салаларында жастар ұйымдарының тәжірибелерін зерттеу.

Лагерь аясында делегаттарға арналған «Шабыт» шығармашылық орталығының таныстырылымы, Орал қаласының көрікті жерлері бойынша тарихи квест өтті.

Жастар алау жанында Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановпен жүздесіп, пікір алмасты. Кездесу барысында делегаттардан, атап айтқанда, саратовтықтардан БҚО жастарымен тығыз жұмыс жасау, ортақ құндылықтарды нығайту мақсатында түрлі форматтағы іс-шаралар өткізу туралы ұсыныстар айтылды.

«Көрші елдер жастары арасындағы мұндай қарым-қатынастың маңызы зор. Олар лагерьде озық тәжірибелермен алмасады. Сонымен қатар тәуелсіздік алғаннан бергі табыс-жетістіктерімізді насихаттауға мүмкіндік бар. Жастар саясаты саласындағы бастамалар көтеріліп, жаңашыл ұсыныстар айтылып, жүзеге асып жатса, біздің де мақсаттың орындалғаны», деді Миржан Мұнайдарұлы.

Сондай-ақ іс-шара барысында қатысушылар арасында үздік команданы анықтаған зияткерлік ойын ұйымдастырылды. «Sustainable life: жастарды экологиялық тәрбиелеу», «Коммуникациялар және медиа: жас журналистер мектебі», «Бизнес идеялар» бағыттары бойынша білім беру тренингтері болды.

Тренерлер, PR-маман, PR-агенттігінің басшысы, медиа-менеджер Наина Эргешова, кәсіпкер, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі Ұлан Балдақов, «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ БҚОФ сектор меңгерушісі, сертификатталған жаттықтырушы Ақмарал Елемесова дәрістерін өткізді. Сол секілді «Шекарасыз волонтерлік» бағыты бойынша Asar-ume қайырымдылық қорының негізін қалаушысы Асхат Нұрмашевпен кездесу өтті.


Соңғы жаңалықтар