Оралда көлікпен адам қағып кеткен жүргізуші сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында автокөлігімен адамды қағып кеткен жүргізушіге сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Судья Шара Зайнуллинаның мәлім еткеніндей, А.Денисов ҚР ҚК 102-бабына сәйкес (қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған адам өлтіру) айыпты деп танылды.

Сот талқысында белгілі болғанындай, жәбірленуші өзінің таныстары Б. және Д-мен оқиға болғанға дейін А.Денисов пен оның Б. және С. достарына қатысты топ болып бұзақылық жасаған.

А.Денисов өздеріне қауіп төнуіне байланысты ес-түссіз қалған досы Б-ны автокөлігіне салып алып, оқиға орнынан сытылып кетуге қам жасаған. Сол кезде жәбірленуші автокөліктің алдынан шығып, капотына секіріп мініп алған. Сосын дөңгелектің астына түсіп, сол жерде жан тапсырған.

Осылайша А.Денисовтің жазасы ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі, яғни қасақана адам өлтіруден 102-бапқа (қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған адам өлтіру) қайта дәрежеленді. Оның қылмысы онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады.

Сот А.Денисовтің жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның жасөспірім баласы бар екендігін ескерді. Сөйтіп ол 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

2019 жылдың 2 қыркүйегінен биылғы 19 наурызға дейінгі күзетпен ұстау мерзіміндегі бір күнді екі күнге есептеген сот оған тағайындалған жаза өтелген деп, Денисовті сот залынан босатты.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары негізінде 3 млн теңге көлеміндегі моральдық және материалдық шығын ішінара қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар