Оралда кейбір көшелерде жол жөндеу жұмыстары баяу жүргізіліп отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында кейбір көшелерде жол жөндеу жұмыстары баяу жүргізіліп отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы міндетін атқарушы Бауыржан Айтмағанбетовтің мәлім еткеніндей, қалада барлығы 41 жол жөндеу жобасы жүзеге асырылуда.

Соның ішінде үшеуінде күні бүгін жұмыс тоқтап тұр, мұның бірі – ауыспалы жоба. Төрт нысанда жол салынып бітсе, қалғандарында жұмыстар жалғасуда.

Алайда «ШамШын», «КазСтройГарант», «Разак», «Иском», «Ануш Құрылыс» ЖШС сияқты компаниялар жол құрылысын баяу жүргізуде. Тоғыз нысанда асфальт төсеуге мүлдем кіріспеген. Мұның себебі компаниялар бірнеше нысан құрылысын қатар жүргізеді, оған қоса қаржы тапшылығы, сондай-ақ жол салуға қажетті битумның уақтылы әкелінбеуі де әсер етуде.

Сонымен қатар арнайы комиссия құрылысы аяқталған, бірақ кепілдік мерзімі өтпеген 35 қалалық және 7 облыстық маңызы бар жолдарды тексерген кезде де олқылықтар анықталып, құрылыс компанияларына оларды жою жөнінде ескертілді.

Кеңес барысында өңір басшысы жол құрылысын салқын түскенге дейін салып бітіру қажеттігін атап көрсетті.

«Жол құрылысы қатаң қадағалануы тиіс. Құрылыс және техникалық қадалағалау компаниялары жұмыс көлемін көбірек қарпып алады да, соның салдарынан үлгере алмай жатады. Егер өз міндеттерін атқара алмайтын болса, лицензияларынан айырып, жосықсыз қатысушы ретінде танып, келесі мемлекеттік жобаларға қатыстырмау керек. Қала жолдарына бөлінген қомақты қаржы уақтылы игеріліп, сонымен бірге жұмыс та сапалы атқарылуы тиіс», деді Ғ.Есқалиев.

Облыс басшысы сондай-ақ ауыр жүк көліктерінің қала ішімен жүрмеуін қадағалауды БҚО бойынша көлік бақылау инспекциясына тапсырды.

Кеңесте қалада қаңырап бос тұрған немесе құрылысы бітпеген ғимараттар мәселесі де талқыланып, алдағы уақытта тиісті шешім қабылдау керектігі айтылды.


Соңғы жаңалықтар