Оралда қазақтың батыр қыздары Мәншүк, Әлия, Хиуазға ескерткіш орнату ойластырылуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық Қаһарманы Хиуаз Доспановаға ескерткіш орнату ойластырылуда. Бұл туралы бүгін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына әзірлік және оны өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің отырысында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мәлім етті.

Оның айтуынша, сонымен қатар облыс орталығы мен аудандарда бұрыннан бар Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен майдангерлерге арналған ескерткіш-мүсіндер, Даңқ мемориалдары, Жеңіс алаңдары жөнделіп, ретке келтірілетін болады. Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірде көзі тірі майдангерлер мен оларға теңестірілгендерге, тыл еңбеккерлеріне барынша қамқорлық көрсетіледі. Күні бүгін облыста 256 ҰОС ардагері мен 11 мыңнан астам тыл еңбеккері тұрып жатыр.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Кемел Сәдбековтің сөзіне қарағанда, Астана қаласында 9 мамыр күні өтетін Жеңіс шеруіне БҚО-дан 15, ал Мәскеудегі осындай мерекеге 2 майдангер бармақшы.

Жиында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әсет Нарықов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов алда атқарылар істер жөнінде баяндап, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиевтің мәлім еткеніндей, облыс орталығында 183 ҰОС қатысушы, 9 қоршауда болған, 8 ҰОС қатысушысының жесірі (бейбіт кезеңде қайтыс болған майдангерлердің 548 жесірі), 5150 тыл еңбеккері бар. Майдангерлер мен оларға теңестірілгендерге, тыл еңбеккерлеріне қала бюджетінен 93,460 млн. теңге көлемінде мерекелік әлеуметтік төлем қарастырылып отыр. Сондай-ақ олар үшін коммуналдық шығынға 28 млн. теңге бөлінген.

Соңғы жаңалықтар