Оралда «Қазақстан» атты жаңа кеме теңізге шықпақ

None
None
ОРАЛ. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков 12 сәуірде жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болды.

Қорғаныс ведомствосының басшысы облыс орталығындағы «Зенит» Орал зауыты» АҚ мен «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ сынды қорғаныс кәсіпорындарының жұмысымен танысты.

«Зенит» зауытының жұмысымен егжей-тегжейлі танысқан Қорғаныс министрі кәсіпорынның техникалық және өнім өндіру мүмкіндігі барлық талапқа сай келетінін баса айтты. Бұл жерде кемені жобалау, оның құрылысы, қайта жабдықтау, жетілдіру, жөндеу сияқты кешенді шаралар атқарылады. Зауыт мүмкіндігі сыйымдылығы 500 тоннаға дейін жететін кемелер мен жүзу құралдарын жасауға жетеді.

Қазіргі таңда «Зенит» Орал зауыты» АҚ еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының құрылымына кіреді. Сәуір айының соңында «Зенитте» жасалған «Қазақстан» атты жаңа кеме суға түсірілмек. Бұл жауынгерлік кеме Каспийдің қазақстандық бөлігін күзету мақсатындағы тапсырмаларды орындап, патруль қызметін атқарады.

-Сәтін салса, 24 сәуірде суға түсірілетін бұл зымыранды-артиллериялық кеме - Қазақстан Қорғаныс министрлігі балансындағы тұңғыш отандық кеме болады. Кеме бізге ұнады. Қорғаныс министрінің де көңілінен шықты. Кеменің ерекшелігі - бұрынғыларға қарағанда жабдықтары заманауи, жылдамдығы 30 узел, командада 30 адам қызмет етеді. Біздің мақсатымыз - Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін қорғау, суасты лаңкестіктерге қарсы күрес жүргізу, - дейді «Қазақстан» зымыранды-артиллериялық кемесінің командирі, капитан-лейтенант Еркебұлан Дәркенбаев.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2012-2013 жылдары еліміздің Әскери-теңіз күштеріне осындай тағы екі кеме берілмек.

Ал «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ында снаряд өндірісі жолға қойылған. Кәсіпорын басшылары әскери салаға арналған өнім түрлерін көбейтуге пейілді.

Сапар соңында Ә.Жақсыбеков әскери және азаматтық мақсаттағы өнім өндіретін қорғаныс кәсіпорындарының басшыларымен кездесті. Министр елімізде қорғаныс өнеркәсібі кешені қарқынды дамып келе жатқанын, ел экономикасының индустриялық-инновациялық дамуына локомотив болатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар