Оралда «Қазақ халқына мың алғыс» атты монумент ашылды

None
None
ОРАЛ. 12 қазан. ҚазАқпарат - 12 қазан күні Оралдағы «Мұнайшылар аллеясының» төрінен «Қазақ халқына мың алғыс» атты монумент ашылды.

Кәрістердің қазақ жеріне депортацияланғанына 75 жыл толуына орай осы игі бастаманы жүзеге асырған Қазақстан кәрістері қауымдастығы. Монументтің ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, Қазақстан кәрістері қауымдастығының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Роман Ким және басқа да мәртебелі меймандар қатысты. Салтанатты шарада сөз сөйлеген Роман Ким қазақ халқының кеңдігіне, бауырмал қасиетіне әрдайым бас иетіндігін жеткізді. «Тағдырдың жазуымен кәрістердің қазақ жеріне депортацияланғанына таяуда 75 жыл толғалы тұр. Бұл, бір жағынан, қасіретті дата болғанымен біз қазақ халқының дархандығы алдында басымызды иеміз. Қазақтың арқасында аталарымыз аман қалып, бізді дүниеге әкелді. Қазақтың қолдауымен біз білім алдық, мамандық игеріп, отау құрып, өмірден өз орнымызды таптық. Мына қазақ, орыс, кәріс тілдерінде жазылған «Қазақ халқына мың алғыс» деп аталатын ескерткішті ашудағы мақсатымыз бізді жатсынбай бауырға тартқан қазақ халқына ризашылығымызды білдіру болатын. Мұндай монумент Қазақстанды айтпағанда күллі ТМД аумағында жоқ. Осы біздің бастамамызды қолдағаныңыз үшін Нұрлан Асқарұлына үлкен алғыс айтамын», - деді ол.

Облыс басшысы Н.Ноғаев та шараның маңызын айрықша атап өтті. «Қазақ елінде 90-нан астам өзге ұлт пен ұлыс әкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Бұған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегі зор. Мемлекет басшысының тікелей ынта-ықыласымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қазір жақсы жұмыс жасауда. Барлық жақсылық тек ынтымақ бар жерде ғана болады. Бүгінгі шара сол ынтымағымыздың беріктігін тағы да нақты көрсетті», деді әкім.

Соңғы жаңалықтар