Оралда кәсіпкерліктің өзекті мәселелері талқыланды

None
None
ОРАЛ. 4 сәуір. ҚазАқпарат - БҚО әкімі Нұрлан Ноғаевтың кәсіпкерлермен кездесуінде осы саланың көкейкесті мәселелері талқыланды.

Облыс басшысы атап өткеніндей, бүгінде елімізде бизнесті дамыту бағытында жыл санап салық жүктемесі, әкімшілік және кәсіпкерліктің дамуына тосқауыл келтіретін  өзге де кедергілер азайтылуда.  Мемлекетімізде ірі, орта және шағын бизнес субьектілерінің қалауына қарай бизнесінің жағырапиясын да, биографиясын да кеңейте алатын жағдайлар жасалуда. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020», «Өнімділік-2020», «Экспортер» бағдарламалары кәсіпкерге заңдық негізде әлемдік деңгейге шығып, жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл шаралар бизнес өкілдері тарапынан қызығушылық тудырмаса, өздігінен іске аспайды.

Өңірде заңды тіркелген 24300 бизнес нысаны жұмыс істеуде. Олар еліміздің, өңірдің дамуына қомақты үлес қосып жүр. Бүгінде жергілікті кәсіпкерлердің бір тобы «Назарбаев университетінде» оқып, білім-біліктілігін арттыруға қатысты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бизнес субъектілеріне банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, мемлекет есебінен инфрақұрылымдарды тегін тартып беру жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімімен өткен кездесуде кәсіпкерлер мұндай көмек-қолдаудың бизнесі дамытудағы маңызы зор екенін баса айтты.

Облыстық бизнес қауымдастығының жетекшісі Зинатбану Мұқанованың айтуынша, соңғы бес жылда  кәсіпкерлікті дамыту жолында бірқатар шаралар қолға алынған. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолжетімді несие алуға, кәсіпкерлік негіздерін тегін оқуға, қажет болса, шетелдерге барып білім-білігін жетілдіруге, тәжірибе алмасуға жол ашық. Алайда Қарашығанақ жобасындағы қазақстандық үлесті арттыру мәселесі әлі де өзекті. Бұған байланысты меморандумға қол қойылып, жұмыс тобы жұмыс істеуде. Мамандардан құрылған сарапшы топ «ҚПО б.в.» компаниясының тапсырыстары, тауарлар мен қызметтерге деген қажеттіліктерін саралап отыр. Соныдықтан нақты бір тауарға қатысты кеңестер бере алады. Кен орнын игерудің үшінші кезеңі қарсаңында ірі жобаларға жергілікті кәсіпкерлерді қатыстыру жағы шешілуі керек. Тендерлерге жеке дара немесе облыс құрылысшылары мен машина жасаушыларының басын біріктірген «Белес» консорциумы атынан қатысқан тиімді бола ма деген сұрақ туындайды. Облыс басшысы таяуда альянстың басшылығы өзгергенін, бұл мәселенің назарда тұрғанын, шетелдіктердің жергілікті кәсіпорындарды жаңарту мәселесін алға тартады дей келе, жергілікті кәсіпорындардың қандай ма тапсырыс болмасын сапалы орындауға әлеуетті екендігін айтты.

-«Зенит» зауыты бүгінде су ығыстырымдылығы 600 тонналық кемелерді жасай алады. Конвейерден шыққан кемені өзенге жеткізу үшін осы аралықтағы жолдың жанын 3 метрге кеңейту жұмыстарын жүргізуге жергілікті биліктің рұқсаты керек. Сонымен қатар айлақтағы  жаңа кемені түсіретін алаңды реконструкциялау қажет. Осы мәселелер шешіліп жатса, алдағы 10-15 жылға тапсырыстар болатынына сенімдіміз, - деді кәсіпорын басшысы Вячеслав Валиев.

Басқосуда бизнес өкілдері кәсіпкерлік нысандарының келесі ай үшін коммуналдық төлемді алдын-ала төлеу тәртібінің қолайсыздығын алға тартты. Төлем төленбей қалған жағдайларда газ бен жарық желіден айырылып, өндіріс үрдісі ырғағынан айырылып қалады. Тендер әлі өтпеген, келесі айға тапсырыс болуы белгісіз кезде бұлай авансылап төлеу өндірісшіге тиімсіз. «Атамекен» одағының облыстағы филиалының директоры Айнагүл Ақашаева шағын және орта бизнесті несиелеуде бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлердің кепілдіктері бола тұра, олардан оң несие тарихы сұралатынына алаңдаушылық білдірді.    Кәсіпкер А. Василец инфрақұрылымды дамыту бойынша жасалған 6 жобасының біреуінің әлі күнге қолдау таппай отырғандығына, еліміздегі ірі компаниялардың тендерлеріне қатысудағы қиындықтарға тоқталды. «Василец» фирмасы ұлттық компаниялардың тендерлеріне қатысып, өнімдерін өткізуде. Алайда кейбір компаниялардың әрекеттері түсініксіз. Мысалы, «ҚазМұнайгГаз» компаниясы тапсырыс үшін алдын-ала төлем жасап алып, келісімшарт аяқталардан бір ай бұрын тапсырысты  алудан бас тартқан. Қазір базада 12 вагон жүк тұр. «Гидромаш-Орион» мен «Василец»  компаниялары модульды  үйлер  шығаратын санаулы өндірісшілер санатында. Өнімдерінің сапасымен елге танылған, өнімдерінің тиісті сертификаты бар өндіріс орындары тапсырыстарға зәру. Оған  облыс басшылығының да қолдауы қажет.

«Жастық» агрокешені» ЖШС-ның директоры Сергей Имашев өнімді Ресейге экспорттауда тек ресейлік стандарттар сұралатынын, елімізге ресейлік өнімдердің еркін кіретінін айтты. Ол елімізде сүт өнімдерінің стандарты жоқтығын, барының тек үш күнге берілетінін, тұрғындардан қабылданатын бір шелек сүт үшін бірнеше қағаз жинаудың машақаты қинайтынын әңгімеледі. Өңір басшысы үш мемлекеттің кедендік одақ құрып, тауар айналымы үшін ортақ кедендік кеңістікте жұмыс істейтінін айта келе, бұл мәселеге қатысты техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаментінің директоры Бахтан Исақовтан түсінік беруін сұрады. «Мұндай ресми тыйымдар салынбаған. Мәселені комитеттің алдына қойып, шешетін боламыз», - деді Б. Исақов.

 «Стройкомбинат» ЖШС-ның басшысы Бақытжан Нұрбаев өндіріске байланысты түйткілді ортаға салды. «Маңғыстау, Атырау облыстары тапсырыс беруге құштар. Былтыр олардан тапсырыс пен алдын ала төлемін алып, жұмысқа кіріскенімізде, су тасқыны болды. Оларды кері қайтарып, облысқа жұмыс істедім. Биыл да соған ұқсас  жағдай.  Қазір де үлкен тапсырыстар ұсынылуда, бірақ оларды қабылдаған  жоқпыз. Енді өңірге қызмет етейін десек, облыстағы құрылысшыларға бюджет қаржысы түспей жатыр. Құрылысшылардан 60 миллион теңге қаржы алажақпыз», - деді ол.

Жиында басқа да ұсыныс-пікірлер айтылды.

Соңғы жаңалықтар