Оралда кәсіпкер әйелді өлтірген тұрғын сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Ә.Асылбеков ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот талқысында белгілі болғанындай, 28 жасар айыпталушы 19 наурызға қараған түні өзінің туған күнін достарымен бірге «Голден Паласта» атап өткен.

Содан кейін «Кактус» диско-барына барып, сонда достарымен болған кәсіпкер Жәмила Жұмағазиевамен танысады. Сосын «Кактустан» шығып, сыныптасы Зайнушев және Жұмағазиевамен бірге таксиге отырып, Зачаган кентіне бет алады. Автокөлікте Жұмағазиева Асылбековтің маңдайын жаралайды. Жауап ретінде Асылбеков оған жұдырық жұмсап, аяғымен тебеді. Сыныптасы екеуі машинадан әйелді алып шығып, Жамбыл көшесі 75-үйдің ауласына апарады. Зайнушев Жұмағазиеваның сөмкесін алып келуге кеткен кезде Асылбеков жәбірленушіге аяқ-қолын бірдей жұмсап, тұншықтырып өлтіреді.

Сот Ә.Асылбековті кісі өлтіргені үшін айыпты деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге кесті. Сондай-ақ ол жәбірленуші тарапқа материалдық шығын есебінде 903 мың теңге және моральдық залал ретінде 3 млн теңге төлейді.

Сот сонымен қатар, Зайнушевке қатысты ҚР ҚК 434-бабына сәйкес (қылмыс туралы хабарламау) жеке  қаулы шығарды. Бұл бап бойынша ол алты мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда әйелдің мүрдесі табылып, соған байланысты күдіктінің ұсталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар