Оралда қарақшылар ұзақ мерзімге сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Жанболат Бекболатов, ағайынды Аян және Аманжол Нұралиевтер ҚР ҚК 188-бабы (ұрлық), 192-бабына (қарақшылық) сәйкес айыпты деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ж.Бекболатов пен Аян Нұралиев 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орта қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Аманжол Нұралиев бұған дейін сотталғандықтан, оған 10 жылға үш ай мерзім қосылды.

Сот талқысында белгілі болғанындай, өткен жылдың күзінде Бекболатов өңірден ірі қара малын сатып алып, оны басқа облыстарға өткізумен айналысатын Алиев және Шамхаловпен танысады. Бастапқыда сотталушы делдал есебінде алыпсатарлардың мал сатып алуына көмектесіп, ақысын алады. Бірақ жәбірленушілердің бұған көңілі толмай, мұның көмегі керек болмай қалады.

Қаңтар айында жәбірленушілердің мал сатып алуға Оралға келгенін, оларда ірі көлемде ақша бар екендігін білген Бекболатов өзінің достарына қолқа салады. Кісі тонауға келіскен Аманжол Нұралиев бұған інісі Аянды тартады. 

Үшеуі 12 қаңтар күні жәбірленушілерді үйдің кіреберісінен күткенімен, олар келмейді. Бұдан кейін олар жәбірленушілер мінген автокөлікті ашып кіріп, ақша іздейді. Одан ұялы телефон, пышақ, магнитофон құралдарын қымқырып кетеді. Келесі күні қайта келген олар Алиев пен Шамхалов тұратын пәтерді анықтайды. Пәтерге басып кірген қарақшылар өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, Алиевтің басынан бірнеше рет кеспелтек темірмен соққанда, ол құлайды. Бекболатов Шамхаловқа травматикалық тапаншамен оқ атады, дегенмен ол асүйге қашып құтылып, қорғанған кезде Аманжол Нұралиевті жарақаттап үлгереді. Осыдан кейін сескенген қарақшылар ізін суытады.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар