ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында «КамАЗ» жүк көлігі автобуспен соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға бүгін шамамен сағат 15.00-де Сырым Датұлы көшесінде болған.
«КамАЗ» жүк көлігінің 1987 жылғы жүргізушісі «Дина» гипермаркеті маңында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, №39 бағытта жүретін автобуспен түйіскен.
Автобуста жүргізушіге қоса 8 адам болған.
Екі жүргізуші де медициналық куәландырудан өтті, қорытындысы кейін анықталады.
«Зардап шеккендер медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Жол-көлік оқиғасын жасаған «КамАЗ» жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 610-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды», - деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.