Оралда халықаралық деңгейдегі теннис кешені ашылды (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда әлемдік талаптарға сай келетін теннис кешені салтанатты түрде ашылды.

Оның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, Елбасы тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамыту бағытында өңірде осындай нысандардың іске қосылып отырғанын атап өтті. Қазіргі кезде облыс тұрғындарының 22 пайызы спортпен айналысса, алдағы уақытта олардың қатары бұдан да көбейері сөзсіз. Сонымен қатар мұндай кешеннің ашылуы өңірде дүние жүзіне кең таралған спорт түрлерінің бірі - үлкен теннисті дамытуға мүмкіндік береді.

Облыс басшысы кешенге шағын автобустың кілтін табыс етті. Бұл күні Батыс Қазақстан мен көршілес Самара облысы жас теннисшілері арасында жолдастық кездесу өткізілді.

Аталмыш ірі спорт нысаны құрылысына Қарашығанақты игеріп жатқан «ҚПО б.в.» компаниясының өңірдің әлеуметтік саласына бөлетін қаржысы есебінен 1,6 млрд. теңге жұмсалды. Кешенді «СВ-плюс» ЖШС (басшысы Сәбит Өтебалиев) бір жылдай уақыт ішінде салып бітірді.

Жалпы аумағы 4780 шаршы метрге жететін кешенде 300 орындық мінбелерімен төрт бірдей корт алаңы, оқу-әдістемелік кабинеті, комментатор бөлмесі, тренажер, ойын залдары, медпункт, басқа да қажетті орындар бар.

Жүзден астам адамға жұмыс тауып беріп отырған кешенде үлкен жарыстар өткізумен бірге тұрғындар алаңсыз спортпен айналыса алады.

Соңғы жаңалықтар