Оралда халықаралық «Атамекен» ән фестивалінің жеңімпаздары анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің иегері, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің әндерін орындаушылардың ХІ халықаралық «Атамекен» ән фестивалі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі күнге созылған дәстүрлі өнер бәйгесіне Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Тараз, Семей, Өскемен, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Орал қалалары мен Өзбекстаннан барлығы 29 әнші қатысты.

Үміткерлер екі күнге созылған ән додасында бірінші және екінші кезеңде бақ сынады.

Сайыс қорытындысында эстрада және романс аталымы бойынша үздік шыққандар анықталды.


Сонымен, эстрададан оралдық Айбек Дәулетқалиевтің бағы жанып, бас жүлдені (650 мың теңге) жеңіп алды. Тағы бір оралдық Тарас Жауымбаев бірінші (450 мың теңге), нұр-сұлтандықтар Айдын Жұмабаев екінші (350 мың теңге), Мейіржан Самылтыров пен қарағандылық Самат Шонов үшінші (200 мың теңгеден) орынға ие болды. Дипломант атанған өзбекстандық Рахим Орынғалиев, атыраулық Айданақ Сағындық, ақтөбелік Ернар Дүйсеевке 100 мың теңгеден берілді.

Романстан тараздық Дінмұхамед Көшкінбаев оза шауып, бас бәйгені қанжығасына байлады. Алматылықтар Ержан Жұманиязов бірінші, Жандарбек Еркінбаев екінші, өскемендік Мақсат Саматов үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал қостанайлық Гүлбақыт Жаңбырбаева мен тараздық Сәуле Жуатбекова дипломанттар қатарынан көрінді. Бұлардың бәріне де эстрада жанрымен бірдей көлемде ақшалай сыйлықтар табыс етілді.


Әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев ұйымдастырушылар мен Ақ Жайық жұртшылығына алғысын айта отырып, биылғы фестивальге қатысушылардың жан-жақтан, тіпті Өзбекстаннан келгендігін жеткізді.

«Өнерлі жастар барда дәстүрлі фестивальдің жалғасатынына сенемін. Биылғы үміткерлердің тағы бір ерекшелігі, сирек орындалатын әндерімді сахнаға шығаруы болды. Бұл олардың ізденгіштігін танытады. Жүлде алмағандарға айтарым, алда да өнер додалары жетеді, соған жақсылап дайындала білсеңдер, бәйгеден келетіндерің анық. Биыл мен 79-ға келдім. Сондай жастың биігіне шықсам да, ізденісімді тоқтатқан жоқпын. Келесі жылы фестивальдің бұдан да деңгейі жоғарылап, ауқымды өтері анық», деді Е.Хасанғалиев.

Соңғы жаңалықтар