Оралда Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова атындағы көше ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова атындағы көше ашылып, өзі оқыған кешкі мектеп ғимаратына ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл салтанатты шаралар батыр қыздың 15 мамыр – туған күніне орайластырылды.

Алдымен Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған «Қазақтың батыр арулары» мүсіндік композициясына гүл шоқтары қойылды.

Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаевтың атап өткеніндей, Хиуаз Доспанованың есімі Ақ Жайық өңірімен тығыз байланысты. Батыр қыз Орал қаласында тұрып, осында білім алды. Ал майданға Жәнібек ауданынан аттанды. Мұндай деректерді кейінгі ұрпақтың ұмытпауы маңызды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Хамза Сафин Хиуаз Доспанованың 17 жасында Оралдағы №1 орта мектепті үздік бітіріп қана қоймай, қаладағы аэроклубта ұшқыштық қадамын бастап, қан майданда «қанатты қыз» атанғанын тебірене әңгімелеп берді.

«Қазақтың қайсар қызы ұшқыш боламын деп алған бетінен қайтпай, Мәскеуге аттанды. Соғыста дұшпанның үрейін ұшырған батыр қыздардың жанынан табылып, 300-ден астам

рет әуеге көтерілді. Ұшақтан құлап, мерт бола да жаздады.

Ауыр жарақат алса да, қайтадан ұшаққа отырды. Сөйтіп Берлинге дейін жетті. Жеңіспен елге оралып, кейін Алматы қаласында тұрды. Біз қаһарман қыздың ерлігін әркез есте сақтап, осындай шараларды өткізіп тұруымыз керек», деді майдангер.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 50-ден астам көшенің аты өзгергенін, соның ішінде біреуіне Х.Доспанованың есімі берілгенін жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар