Оралда Ғұмар Қараш шығармаларының үш томдығы таныстырылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Бүгін «Жайық Пресс» ЖШС-да ақын, ағартушы-ойшыл, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш шығармаларының үш томдығы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоба жетекшісі, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кезінде белгілі әдебиетші-ғалым Есмағамбет Ысмайылов «Ғұмар Қараш - Абайдан кейінгі дәуірдегі ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде іргелі орын алатын ірі классик ақын...» деп бағалаған бірегей тұлғаның шығармалары тұңғыш рет толық жинақталып, басылып отыр.

nullБірнеше жылға созылған ізденіс жұмыстарының нәтижесінде бірінші томға ақынның көзі тірісінде шыққан кітаптарында шыққан, сондай-ақ жарияланбаған «Қырғи» жинағындағы өлеңдері, мерзімді басылымдарда жарық көрген жырлары топтастырылды. Сондай-ақ Ғұмар Қараштың жинақтауымен басылған «Шайыр яки қазақ ақындарының басты жырлары» (Орынбор) және «Көксілдер яки бұрынғы мырза ұлы һәм ноғайлы батырлары уа ғейри (және әр түрлі) мағналы жырлар» (Орынбор) атты жинақтар толық берілді. Бұған қоса Ғұмар Қараштың ел аузынан жиналған, шәкірті Ахмади Есқалиев, зерттеушілер Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиева, немересі Надежда Қарашева жинақтаған бірқатар жыр туындылары қамтылды.

 Шығармалар жинағының екінші томына ақынның әңгімесі, көзі тірісінде кітап болып шыққан «Ойға келген пікірлерім» (Орынбор, 1910), «Өрнек» (Үпі, 1911), «Бәдел қажы» (Қазан, 1913) еңбектері, ақынның мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары топтастырылды. Жинаққа Ғұмар Қараш туралы ғалымдардың сараптама мақалалары да енгізілді.

Жинақтың үшінші томына ақын тағдырын тұңғыш рет жүйелі зерттеуші Мұстафа Ысмағұловтың, Гүлжау Сұлтанғалиеваның еңбектері, ақынның немересі Надежда Қарашеваның Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығы туралы орыс тілінде жазылған шолу мақаласы, қайраткерді көріп-білген адамдардың естеліктері және оған арналған жыр-жоқтаулар берілді. Бұған қоса, ақынның өмір жолы мен шығармашылығына қатысты тың деректер де топтастырылды.

«nullМәскеу қаласында тұратын ақынның немересі Надежда Қарашева 2012 жылы Оралдан біз іздеп барған кезде атасына қатысты қолда бар дүниелерінің бәрін берген еді. Біз осы жылдар бойы ұлы тұлғаға қатысты басқа да құжат, деректерді жинастырып, кітап етіп шығарамыз деп уәде берген едік, соны орындадық», деді Ж.Сафуллин.

Кітапты құрастырған баспасөз зерттеушісі, журналист Қазыбек Құттымұратұлының сөзіне қарағанда, ақын мұрасын түгендеу мұнымен бітпек емес. Өйткені өткен аптада ғана Уфа қаласына барып, Башқұртстанның Орталық мемлекеттік архивінде болған кезде Ғұмар Қарашқа қатысты тың деректер анықталды.

Патшалық Ресейде Уфада орын тепкен Орынбор мұсылмандарының діни басқармасына барлық мұсылмандардың деректері тіркеліп отырған. Есепті указной молдалар беріп отырса, соның бірі Ғұмар Қараш болған. Міне, осында метірке деректерін кітапшаға өз қолымен толтырған кезде ол өзінің 1874 жылы дүниеге келгенін жазған. Бұған дейін ақынның туған жылы әр түрлі айтылып, ғалымдар 1875 жылға тоқтаған еді. Осылайша оның бұдан бір жыл бұрын, 1874 жылы туғаны белгілі болып отыр. Екіншіден, осыған дейін Ғұмар Қараштың Жалпақталдағы Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен дәріс алғаны ғана жазылатын. Аталған кітапшадан мәлім болғанындай, қайраткердің Уфа, Қазан қалаларындағы хазіреттердің де алдын көріп, жоғары діни білім алғаны дәлелденіп отыр.

nullШара барысында ақын-жазушылар Дариға Мұштанова, Айтқали Нәріков, Мұнайдар Балмолда, Мира Шүйіншәлиева, журналистика ардагерлері Тихон Әліпқали, Мәжит Қайырғалиев Ғұмардың үш томдығының оқырмандар үшін бағасы айрықша екендігін, сондықтан кітапханаларға тарату қажеттігін жеткізді.

Сондай-ақ тарихшылар Бақтылы Боранбаева, Дәметкен Сүлейменова, Жәнібек Исмурзин, педагог, Ж.Досмұхамедов атындағы педколледждің директоры Светлана Бахишева, әдебиетші-ғалымдар Зейнолла Мүтитегі, Болат Жексенғалиев және басқалар өз ұсыныс-тілектерін білдіріп, Ғұмар Қараш мұрасын кең ауқымда, әр қырынан зерттеу қажеттігін атап көрсетті.

Блогер Нұрлан Сәдір Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Ғұмар Қараштың өміріне қатысты драмалық туынды қою қарастырылып жатқанын жеткізді.

Қазақстанның өз алдына ел болып, азаттық алуын аңсап, өлең жазып қана қоймай, сол жолда жанын берген Ғұмар Қараштың туындылары мен сөздері күні бүгін де өз маңыздылығын жойған жоқ. Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев,  Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтай өз заманының озық тұлғаларымен қатар жүріп, тізе қосып, «Қазақстан», «Ұран» секілді газеттер шығарған оның қазақ баспасөзі тарихындағы орны да ерекше.

Айта кетейік, Қазақстанның киелі орындарының қатарына Батыс Қазақстаннан Жәнібек ауданы аумағындағы Ғұмар Қараш бейіті де енгізілгені мәлім. Биыл жергілікті меценаттардың қолдауымен кесене орнату қолға алынып отыр.  

Соңғы жаңалықтар