Оралда газ жарылып, үш адам ауруханаға түсті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда салынып жатқан үйде өрт шығып, үш адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғау саласында апат қаупін төмендету және бақылау басқармасының бастығы Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, оқиға 30 қаңтар күні сағат 17.02-де «Болашақ» шағынауданы М.Бекімов көшесі, 53-үйде болды.

Анықталғандай, газ баллонының «Парма ТПГ-30» жылу-газ құрылғысы (пушка) қызып кеткен. Соның салдарынан газ баллоны ажырап кетіп, газ-ауа қоспасының жарылуынан өрт шыққан. Үйдің қабырғасы қирап, жанған, төбесін де от шарпыған.

Аумағы 80 шаршы метрді қамтыған өрт сағат 18.39-да сөндірілді. Оған 15 адам, 6 техника жұмылдырылды.

Өрт газ жабдығын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан шыққан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, оқиға салдарынан үш адам күйік жарақатын алды. 21 жастағы жігіттің бетін, кеуде тұсын және аяқ-қолын, 21 жастағы тағы бірінің бөксесін күйік шалған. Ал 18 жастағы ер баланың желке тұсы күйген. Үшеуі де облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.



Соңғы жаңалықтар